Ауыл шаруашылығы

Құрама жем өндірудің технологиялық үрдістері

Жергілікті мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жаңа қондырғымен толықты. Оның көмегімен ірі қараға, құстар мен балықтарға құрама жем әзірленеді. Жаңа жабдық сағатына 100 келіге жуық азық жасайды.

Бұл жерде құрама жем экструдері жұмыс істеуде. Аталмыш қондырғыны жыл басында орнатқан екен. Жаңа жабдықтың арқасында ғылыми-зерттеу институты мал азығын жаңа технология арқылы жасайды.

Ең алдымен экструдерге бидай, арпа, зығыр қалдықтары салынып, ішіндегісі жоғары температурада құрама жемге айналады. Әдетте, құрылғының температурасы 120-150 градусқа дейін жетеді. Осылайша, ірі қараның түрлі жас және тұқымдық ерекшеліктеріне қарай түйіршіктендірілген түрдегі дәрумендерді қосу арқылы малдарға азық әзірленеді. Мұнда сағатына 100 келіге жуық құрама шығаруға болады.

Дархан Жаукенов – “Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” ЖШС ғылыми қызметкері:

– Бұл қондырығы астық пен майлы дақылдар және азық қоспаларын алуға мүмкіндік беріп отыр.

Құрама жем ірі қараға ғана емес, құстар мен балықтарға да арналып жасалады. Барлық компоненттері зертханада арнайы химиялық талдаудан өтеді екен. Жануарлар өнімділігінің артуына тікелей ықпал ететін азықтың сапасына айрықша мән беріледі.

Аяз Рамазанов – “Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының” ЖШС бас ғылыми қызметкері:

– Негізі, қазіргі жемде ақуыздың – 30%, көмірсудің – 40-60, ал майлардың 20-30% жетіспейді. Шетелдерден әкелінетін асыл тұқымды мал жемге, химиялық құрамға өте сезімтал болып келеді. Сол себепті, мал азығын дайындау кезінде осындай жағдайларды ескеру қажет.

Айта кеткен жөн, арнайы құрама жем әзірлеуге арналған қондырғының құны 1,5 млн теңгені құрайды.

Дана  Ешкенова