Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ғ.Мүсірепов ауданында қоспа жем шығаратын зауыт ашылды

Өңірде кезекті өндіріс ошағы іске қосылды. Бұл жолы Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимское селосында қоспа жем өндіретін зауыт жұмысын бастады. Қуатты кәсіпорынға “KAZMEAL” серіктестігі бірнеше млрд теңге инвестиция құйған. Зауыттың ашылу салтанатына аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қатысты.

Бұл – қоспа жем өндіретін еліміздегі ең қуатты зауыт. Мұны сеніммен айтуға болады. Себебі, өндірістік қауқары жоғары. Жылына мұнда 360 мың тонна нәрлі мал азығы шығарылатын болады. Өңір жетекшісінің сөзінше, бір жылда 5,5 млн тонна астық жинайтын өңіріміз үшін бұл жоба маңызды.

Осылайша аймақ басшысы өндіріске бастау берді. Бұл зауыт – Қазақстан мен Қытай әріптестігінің жемісі. Сығылған майлы дақылдардың жомы мен күнжарасы, 4-ші және 5-ші сыныптық бидай мұнда өңделіп, құнарлы мал азығына айналады. Шикізат өзіміздікі, ал дайын өнімнің бәрі Қытайға экспортталмақ.

Дина Өтебаева – “KAZMEAL” ЖШС бас директоры:

– “KAZMEAL” – бұл жартылай қазақстандық, жартылай қытайлық компания. Көрші елдегі әріптестеріміз тарапынан осындай зауыт ашу туралы өтініш түсті. Солтүстік Қазақстан облысы аграрлық аймақ болғандықтан, мұнда шикізат көп. Сол себепті, өндіріс ошағын осы өңірде ашуды шештік.

Зауыт құны – 4 млрд теңге. Қаржының басым бөлігін Аспан асты елінің инвесторлары құйыпты. Қондырғылар да, өндіріс технологиясы да толығымен Қытайдікі. Бұдан өзге, кәсіпорында 76 жаңа жұмыс орны ашылады. Алайда, бұл әлі жоспарда. Әзірге, Ғ.Мүсірепов ауданының 30 тұрғыны осында екі қолға бір күрек тапқан.

Асман Мұратов – “KAZMEAL” ЖШС қоспа жем зауытының тігушісі:

– Өте қуаныштымыз. Қаншама жұмыс орындары пайда болып жатыр. Жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Жұмыс барысында барлық қаптардың ауыздарын дұрыстап тігіп, жасап отырамыз. Жалақымыз жақсы, әрі қарай өседі деген ойдамын.

Шынымен де, зауыт соңғы үлгідегі техникамен мақтана алады. Себебі, өндіріс процесі толығымен автоматтандырылған. Яғни, машинаның өзі шикізатты ұсатады, өзі араластырады, тіпта қаптарға да өзі салады.

Ал бұл құлтемір – нағыз көмекші. Себебі, ең ауыр жұмысты атқарады. Робот конвеер арқылы алдына келген қаптарды еш қиындықсыз көтеріп, артады. Айтпақшы, қондырғы әйгілі “Siemens” компаниясының жүйесі бойынша жұмыс істейді екен.

Бұл – міне, дайын өнім. Мұндай азықты малдың барлық түріне беруге болады. Аталған қоспа жеммен қоректенген жануар ет пен сүтті 25-30 пайызға көбірек береді. Жергілікті фермерлермен де жұмыс жасауға әзірміз дейді зауыт басшылығы. Мал шаруашылығымен айналысатын теріскейлік шаруалар да құнарлы қоспа жемге тапсырыс бере алады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл зауыт бізге өте қажет, әрі оның болашағы зор. Өкінішке орай, мұндай қоспа жемдерді ала алатын шаруашылықтар аздау болып тұр. Себебі, ол елімізде аз шығарылады. Бұл жоба Қазақстандағы ең ірі жоба болайын деп тұр. Мана айтқанымыздай, 360 мың тонна өнім шығарылады және де оны болашақта көбейтуге болады деп есептейміз.

Құмар Ақсақалов өндіріс ошағының зертханасында да болды. Мұндағы материалдық-техникалық база да заманауи. Сынама ретінде азықтың алғашқы мың тоннасы Қытайға жөнелтілген. Шетелдік мамандар өнімді сапалы әрі толығымен тиісті стандарттарға сай деп таныған.

Саят Ермек