Қазіргі оқушыларды не қызықтырады? Әке-шеше мен бала арасындағы қарым-қатынас қандай болу керек? Бұл мәселелер Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында өткен жалпыұлттық ата-аналар жиналысында талқыланды.
Бала тәрбиесі – басты назарда. Бүгінгі таңда ата-ана мен ұстаз тығыз байланыс орнатып, осыған мән беру керек. Жасөспірімдік шақ – баланың дамуындағы күрделі әрі маңызды кезең болып саналады. Көптеген ата-аналар осы сәтте бірқатар түсініспеушіліктерге кезігіп жатады. Олардың әрқайсысы ұл-қыздарының болашағына алаңдайды. Бұл ретте Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының ұжымы ата-аналар қауымына бала тәрбиесіне байланысты кеңестер беріп, толғандырған сұрақтарына жауап берді.
Дариға Қоспанова – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты директорының орынбасары:
– Шараның тақырыбы – Отбасы тәрбиесі – өскелең ұрпақтың азаматттығын тәрбиелеудің негізі. Оған қоса көптеген тақырыптар да сөз болды. Әр тақырыптар бекітілген адамдар сөз сөйледі. Психолог ата-аналармен тренинг өткізді.
Қазіргі заманда ата-аналардың кейбіреуі жұмысбастылығына байланысты балаларына көп көңіл бөле бермеуі мүмкін. Осындай отырыстарда да кей әке-шешелердің қарасы көрінбейді. Ал Абай Баркитов үшін бұндай жиындар өте маңызды. Баланың мектеп қабырғасындағы өмірін біліп жүрген дұрыс дейді азамат.
Абай Баркитов:
– Бұл оқу ошағында менің қызым Сабина Баркитова оқиды. Биыл қызым мектеп президенті болып сайланды. Мектептің өміріне тығыз қатынасамыз. Мектеп ұжымы өте жақсы, балаларымыз жақсы тәрбие алуда.
Айта кеткен жөн, бүгінде оқу ошағында 500-ге жуық шәкірт білім алуда. Олардың 200-ден астамы осындағы интернатта тұрады.
Ешкенова Дана