МТРА жаңалықтары

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары азаматтарды қабылдады

Дәрігерлерге заң тұрғысынан көмек көрсетіп, статусын арттыру. Өңірді газбен қамтамасыз ету мәселесі. Осы турасындағы сұрақтарды солтүстікқазақстандықтар Парламент Мәжілісінің депутаттарына жолдай алды. “Бірге” атты жалпыұлттық акция аясында өткен азаматтарды қабылдау шарасына жалпы 20-дан астам тұрғын келіп, халық қалаулыларына өз базынасын жеткізді.

Халық қалаулыларына өз базынасын арқалап келгендердің бірі – өңірімізге белгілі кардиолог Мақсат Құдратуллаев. Ол соңғы кезде ақ халаттылардың статусы төмендеп кетті деп отыр. Оған себеп – адамдардан түсетін негізсіз шағымдар. Салдарынан комиссия құрылып, тексерістер жүргізіледі. Көп жағдайда шағым себебі расталмай жатады. Нәтижесінде науқастарды емдеуі тиіс маман босқа көп уақытын жоғалтады. Әрине, кейде дәрігер тарапынан да ағаттық кетуі мүмкін. Және олқылық жіберген ақ халатты міндетті түрде тиісті жазасын алады. Бірақ, сол үшін барлығымызға топырақ шашуға болмайды дейді Мақсат Құдратуллаев.

Мақсат Құдратуллаев – облыстық кардиологиялық орталығының бөлімше меңгерушісі:

– Мемлекет деңгейінде тексерілмеген шағым жазушыларды жазаласа екен деймін. Осы негізсіз шағымдардан медицина саласын құқықтық тұрғыдан қорғаса екен деп келіп отырмын. Медициналық сақтау біздің елде енді енгізіліп келе жатыр. Ол салада көп жұмыстар жасалуда. Сонда осы дәрігерлердің статусы енгізілсе деген сұрақ бар.

Осы сауалын ол Мәжіліс депутаты Наринэ Микаелянға жолдады. Өз кезегінде халық қалаулысы аталған сұрақты Парламентке жеткізіп, әріптестерімен бірлесіп қарастырмақшы. Мәжілісмендерге өз өтінішін айтуға Александр Недогарко да келген. Кәсіпкер кірпіш зауытын салмақшы. Бүгіндері кәсіпорынның жобалық-сметалық құжаттары дайын, тіпті қондырғылар да алынған. Ал жазда құрылысы басталмақшы.

Александр Недогарко – кәсіпкер:

– Өңірде қазір құрылыс қарқын алған. Ал кірпіш зауыты салынса, ол экономикалық тұрғыдан тиімді болар еді. Әйтепесе, құрылыс компаниялары кірпішті көрші өңірлер мен Ресейден тасымалдауда. Кәсіпорынды тұрғызу үшін бізге газ тарту қажет. Біз, әрине, әзірге көмір арқылы жұмыс істей тұрамыз. Бірақ, ол тиімсіз болмақ. Ал Елбасы тапсырмасына сай көгілдір отын тек 2025 жылдан кейін ғана жетеді. Сондықтан, облысымызға газ тарту ісін жылдамдатуға бола ма деген сауалым бар.

Бұл сұраққа мәжілісмен Анатолий Башмаков жауап берді. Оның айтуынша, алдағы уақытта өңірімізге газ тартылып, барлық елді мекендер көгілдір отынмен қамтылады.

Анатолий Башмаков – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазір газ елордамызға тартылып жатыр. Кейін ол Ақмола облысы арқылы теріскейге де жетеді. Бұл туралы Үкіметтің жоспарында бар. Оған мол қаржы мен уақыт қажет. Сол себепті, облысқа газ бекітілген мерзімінен ертерек беріледі деп нақты айта алмаймын.

Жалпы, бұл күні мәжілісмендерге өз сауалын жолдауға 20-дан астам солтүстікқазақстандық келген. Тағы залда арнайы жәшіктер орнатылды. Онда кездесуге келген тұрғындар өз өтініштерін жазбаша түрде қалдыруға мүмкіндік алды.

 

 

Магжан Ахмадина