МТРА жаңалықтары

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті

Ауылдағы зиратты қоршатамын деп жұмысынан айырылды. Жамбыл ауданындағы Архангельское селолық округінің әкімі Серік Шәріпов кәсіпкерге тиісті деңгейде атқарылмаған жұмысы үшін төлем жасап, ісін қабылдап қойған. Енді не ақша жоқ, не зират толық қоршалмаған. Жауапсыздық танытқан мемлекеттік қызметшіні әдеп жөніндегі кеңес мүшелері жұмысынан босату туралы ұсыныс жасады.

Ең алдымен жиында Мамлют ауданы мен облыстық мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшылары өздерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаруалардан хабардар етті. Өйткені, аталмыш қос органның осыған дейінгі жетекшілері парамен ұсталып, істі болған еді. Қазір олардың жасап кеткен былықтары түзетілуде.

Батырбек Қалабаев – СҚО мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы:

 – Қазір аттестациядан өтетін кабинеттер тиісті құралдармен жабдықталып, сервирге кез келген адам кіре алмайтын болды. Өйткені, бұрындары ондағы емтихан нәтижелерін барлығы кіріп түзете алатын. Тағы қазір кезінде заңсыз құжаттарды рәсімдеп алғандардан оларды қайтару шаралары жүргізілуде.


Асхат Жұмағали – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Мұрат Аблаевтың кезінде аттестациядан өтіп, қолына техникалық-қадағалау рұқсат қағазын алған 13 адамның 10-ынан қазір құжат алынды. Бұл жұмыс жалғасады. Ол адамдар – өзге аймақтардан келген құрылысшылар. Өздерінде емтиханнан өте алмаған соң осында пара беріп қолдарына құжат алған жандар нысандардың қабырғасын қалау ісіне қатыспауы тиіс.

Кеңес мүшелері бұл істі жіті қадағалап отыру қажет деді. Кейін жиында тәртіптік іс қаралды. Дау зираттың қоршауынан басталған.

Ғани Жалби – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

– Жамбыл ауданындағы Архангельское селолық округінің әкімі Серік Шәріпов мемлекеттік сатып алуларды жасау кезінде «Нұрлан и К» жеке кәсіпкерлігіне бет бұрып, оның жобалық-сметалық құжатқа сәйкес келмейтін жұмысын қабылдап, 873 мың теңге көлеміндегі ақшаны төлеп қойған. Кейін кәсіпкердің атына уақытылы сотқа арыз түсірмеген. Сосын оны басқа қызметші жасапты. Ал Серік Шәріпов болса, отырыста жеке кәсіпкерліктің жұмысына шағымым жоқ деген. Бұдан соң ағымдағы жылдың басында ол сотқа өзі жүгініпті. Алайда, ол кезде тым кеш болған.

Өзінің бұл қылығын мемлекеттік қызметші заңды жіті білмеуімен және бюджет қаржысын игере алмай қаламын деген үрейі болған соң жасағандығын мойындады. Онымен қоса атқамінер кәсіпкердің жұмысында олқылық бар екендігін де білген.

Серік Шәріпов – Архангельское селолық округінің әкімі, Жамбыл ауданы:

– Кәсіпкер зиратты қоршап жатқанда-ақ оның жұмысындағы олқылықтарды анықтадық. Құбырлардың диаметрлері мен профлисттердің ені біз көрсеткен көлемге сәйкес келмеді. Оның үстіне 70 темір бағананың орнына олар 48-ін ғана орнатқан. Десе де, ол жұмысты аяқтаған соң біздер жазбаша акт толтырып, олқылықтарды жою қажеттігін айттық. Бизнесмен бізге уәде берді. Сосын есепшім маған егер олардың ақшасын төлемесек, бюджет қаржысын игере алмай қаламыз деді. Сосын мен кәсіпкердің жұмысын қабылдап, ақшаны төледік.

Бірақ, кеңес мүшелері тәжірбиелі мемлекеттік қызметшінің мұндай олқылықтарға жол бергеніне сенбеді.
Оның үстіне шамалы уақыттан соң орнатылған қоршау қатты желден қирап қалған.

Серік Шәріповке тәртіптік жаза тағайындау туралы ұсыныс білдірерде кеңес мүшелерінің дауысы екіге бөлінді. Бірі оның зейнет жасын ескеріп қызметіне толық сай емес деген шешім шығару керек деді. Алайда, көпшілік бұған қарсы болып, Архангельское селолық округінің әкімін жұмыстан босату туралы ұсыныс жасалды. Бұдан соң 5 ведомствода жүргізілген сараптама жұмыстарының қортындысы шығарылды. Оған сай мемлекеттік қызметшілер ұжымдағы моральдық-психологиялық климаттың қандай екіндігін анықтау үшін сауалнамалық сұрақтарға жауап берген. Әрине, жасырын түрде. Кей органдарда оның нәтижесі көңіл көншітпейді.

Мұрагер Рүстем – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Сауалнаманың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілердің көбінің өз басшысына сенбейтіндігін көрдік. Оның үстіне кейбір жетекшілер өзіне жақын жандарға ғана қолдау көрсетеді екен. Ал облыстық экономика басқармасында басшылыққа сенім деңгейі мүлдем төмен болып шықты. Сондықтан, осы деректерді ведомстволарға жеткізіп, оларда жағдайды түзету қажет деп есептеймін.

Агенттік мамандарының айтуынша, ай сайын олар жұмыстан шығып қалған мемлекеттік қызметшілермен сөйлесіп, неге қызметтен кеткендігін сұрастырады екен. Егер себеп ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалға байланысты болса, онда орган басшысына тиісті кеңестер берілетін көрінеді.

Магжан Ахмадина