Өңірде алғашқы бал базасы орын теппек. Бұл жұмысты облыстық омарташылар қауымдастығы қолға алып отыр. Мамандар биыл 50 га алқапқа аралардың сүйікті өсімдіктерін егуді жоспарлауда.
Мына жәшіктердегі аралар теріскейге жуырда ғана әкелініпті. Бұлар – оңтүстікте қыстап шыққан 1000 ара жанұясының жартысы ғана. Бірнеше күнде жәндіктерді жергілікті омарташылар сатып алған. Қалғандары өндірістік шаруашылыққа арналған су жаңа ұяларға жайғастырылған. Ол тек жәндіктер үшін ғана емес, кәсіпкерлерге де өте тиімді. Мамандар алғаш рет мұндай ұяларды қолданысқа өткен жылы енгізіпті. Нәтижесі көңіл қуантарлық болғандықтан, биыл толығымен жаңашыл жүйеге көшуді шешкен.
Олег Гаврилов, СҚО омарташылар қауымдастығының төрағасы:
– Бұрын біз Даданов ұяларымен жұмыс істеген болатынбыз. Өте ауыр, олардың орындарын ауыстыру да қиынға соғатын. Көп күш пен уақыт жұмсадық. Қазіргі кезде өндірістік ұяларды қолға алудамыз. Араның үйлерін тіркемеге орналастырамыз. Бұл жүйе өте ыңғайлы. Бір ұядан 100 келі бар алу мүмкіндігі бар. Ескі жүйемен салыстыратын болсақ, бұл көлем екі есеге артық.
Қазіргі таңда ара шаруашылығы өңірімізде сәтті дамып келеді. Омарташылар қауымдастығына теріскейлік 265 кәсіпкер мүшелік етеді. Тәтті бизнесті таңдаған бұл жандарға көрсетілетін қолдау да, жасалатын жағдай да көңіл көншітерлік.
Олег Гаврилов, СҚО омарташылар қауымдастығының төрағасы:
– Біз қазір өңірдегі алғашқы бал базасын ұйымдастырудамыз. Яғни, бір алқапқа көпжылдық өсімдіктерді егеміз. Биыл түйежоңышқа, эспарцент, түймежапырақты сіңдіру жоспарда бар. Шаруамен «Пасека Қызылжар» серіктестігі айналысатын болады.
Биыл аралардың сүйікті өсімдіктері 50 га жерге егілмек. Кейін тұқымдарын көбейтіп, алқаптың аумағын ұлғайту көзделіп отыр.
Эльмира Садвокасова