Мәдениет

Оқушылар сарайында ұлттық мәдениет фестивалі өтті

“Бір шаңырақ астында”. Осындай атаумен Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Оқушылар сарайында ұлттық мәдениет фестивалі өтті. Оған қала мектептерінің оқушылары қатысып, елімізді мекен етіп отырған түрлі ұлт пен ұлыстардың киімдерін киіп, әндерін орындап, тағамдарын әзірледі.

6 команда – 6 ұлттың өкілдері. Бұл фестивальден Қазақстанның көпэтносты қырын байқамасқа болмайды.

Бұл – поляктар. Олардан өзге, ұлттар байқауына қазақтар, татарлар, орыстар, өзбектер мен корейлер қатысты. Оқушылар осылайша түрлі этностардың салт-дәстүрлері мен мәдениетін зерттеген әрі білген-түйгендерін жұртшылыққа баяндады. Алғашқы байқау – ұлттық тағамдар сайысы. Мәселен, татар ұлты чак-чак жасап алып келіпті. Шәкірттер бұл тәтті тағамды әзірлеу әдісімен қуана бөлісті.

Шамиль Накиев – Қожаберген жырау атындағы қалалық №6 орта мектебінің оқушысы:

– Чак-чак алдымен майда қуырылып, кейін оны балмен араластырады. Сосын, оны тағы бір күнге салқын жерге қояды. Сонда ол дайын болады.

Кезекте – ұлттық киімдер байқауы. Бұл жерде поляктар командасы ерекшеленді. Олар ерлер және әйелдерге арналған ұлттық киім-кешектің түр-түрін киген. Сол киімдердің элементтерін оқушылар егжей-тегжейлі сипаттап берді.

Кристина Масленникова, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Поляк әйелі бұрындары ақ жейде, гүлдердің суреті бар белдемше киіп, оған шілтер алжапқыш жапқан. Тұрмысқа шықпаған қыздар әдемі шағын желет, ал тұрмыстағылар жеңіл шекпен киген. Жас қыздар жалаң бас жүреді, ал жасы үлкендер басқа орамал жабады. Мереке күндері қыздар гүлшеңбер тағады.

Корейлер де қалыс қалмаақ емес. Бұл – олардың ұлттық киімі – ханбок. Ол тек мейрамдарда ғана киіледі. Көйлектің ерлерге және әйелдерге арналған түрлері болады екен. Өздері таңдаған ұлттың тұрмысымен әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушылары жақсы таныс.

Мөлдір Хамитова – әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы:

– Корея халқы өзінің қонақжайлылығымен атақты болып келеді. Олар өздерінің үлкендерін құрметтеп, кішіге ізет көрсетеді.

Тағы фестивальге қатысушы 6 құрама өз ұлттарының ойындарын да ойнатты. Осы орайда, залдағы көрерменмен тығыз жұмыс жасау қажет болғанын айта кету керек. Ал соңғы сайыс – ең әсерлісі. Мұнда ұлыстардың ұлттық әндері айтылып, билері биленді.

Саят Ермек