Құқық қорғау органдары

Өңір тұрғыны жер астынан бір қап қару тауып алған

Ерекше олжа! Петропавл қаласының тұрғыны Бескөл ауылындағы жер телімінен қару-жараққа толы қап тауып алған.

Екі шолақ мылтық пен бір наган пистолетін нәзікжанды бақшасында жұмыс істеп жүріп кездейсоқ қазып алған. Олардың қашан және қалай көмілгені белгісіз. Азаматша қаруды бірден полицейлерге табыстайды. Олар жүргізген сараптамалардың қорытындысы бойынша пистолет өткен ғасырдың 30-шы жылдары шығарылған. Ол қолданысқа жарамсыз болып шықты. Ал қос мылтықтан әлі де оқ атуға болады екен. Олжаны бірден тәртіп сақшыларына табыстағаны үшін енді жерлесімізге шамамен 138 мың теңге көлемінде өтемақы төленбек. Наган үшін азаматша – 30 мың 300, ал екі шолақ мылтықтың әрқайсысы үшін 53 750 теңгеден алмақ. Өйткені, қазір бүкіл республика бойынша құжаттары жоқ, тіркелмеген қару-жарақ пен оқ-дәрілерді ақшаға айрыбастау акциясы өтіп жатыр.

Ерболат Қабыров – СҚО ПД ӘПБ инспекторы:

– Егер адам өз аумағында немесе басқа жерде бір қару-жарақ таукып алса, ол 102-ге қоңырау шалып, бізге хабарласуы керек. 20 күн ішінде 80 шақты қару-жарақ сатып алдық. 4,5 млн теңгеге жуық ақша төленді.

 

Саят Ермек