Биыл М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасына 5 жыл толып отыр. Осыған орай оқу ордасында салтанатты іс-шара болып өтті. Жиында білім ұясындағы татулық пен этносаралық бірлікті нығайтуға сүбелі үлес қосқан 30-ға жуық жан марапатталды.
Бүгінгі күні еліміздегі жоғарғы оқу орындарының 40-тан астамында “Қазақстан халқы Ассамблясы” кафедрасы бар. Соның бірі – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ орналасқан. Бұл жердегі жұмыс 3 бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айтсақ, мамандар ғылыми, білім беру және тәрбие ісі негізінде еңбек етеді. Биыл оқу ошағындағы бірлік пен татулықтың үлгісі болып отырған кафедраға – 5 жыл!
Людмила Гривенная – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Қазақстан халқы Ассамблясы” кафедрасының меңгерушісі:
– Біздің кафедра елімізде алғашқылардың бірі болып құрылды. Оған биыл 5 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде 50-ге жуық әдістемелік құралдарды жарыққа шығардық. Олардың барлығы елді сүюге, бірлікті сақтауға шықырады. Тағы, жыл сайын 200-ге жуық іс-шара өткіземіз. Кафедра құрамына университетте оқитын 32 ұлттың өкілі кіреді.
Мерейтойлық жиында кафедра жұмысына белсенді ат салысқан қызметкерлер мен студенттер марапатталды. Олардың бірқатарына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.
Мұндай құрметке бөленгендердің арасында – Ольга Штро да бар. Жерлесіміз кафедраның ғылыми-әдістемелік бірлестігінің мүшесі болып еңбек етеді. Ол бірнеше шараның өткізілуіне мұрындық болып, оқу құралдарының жарық көруіне ат салысыпты.
Ольга Штро – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Қазақстан Халқы Ассамблясы” кафедрасының ғылыми-әдістемелік бірлестігінің мүшесі:
– Біз ғылыми-әдістемелік бірлестік мүшелері ерекше оқу құралын жарыққа шығардық. Ол 3 тілділікке байланысты. Мен өзім шет тілі оқытушысымын. Осы салада жүргеніміне 30 жылдан асты. Осы уақыт ішінде жинақтаған бар білімімді еңбекке енгіздім. Оның жастарға көп пайдасы тиеріне сенімдімін.
Жалпы, мерекелік шара барысында 30-ға тарта адам марапатқа ие болды.
Култанов Байболат