Әлемде Fly йога атты ерекше физикалық жаттығу түрі бар. Ол 19 жыл бұрын пайда болыпты. Бірақ, Петропавлға биыл ғана жеткен көрінеді. Бүгінгі күні қимыл белсенділігін арттыратын секцияға 50-ге жуық адам барып жүр.
Тән мен жанның үйлесімі, денені шынықтыру арқылы жан саулығы мен сергектігін жетілдіру. Fly йоганың әр жаттығуы 15 минуттық денені қыздыртудан басталады. Ол баяу әрі тыныштандыратын әуен аясында орындалады. Жаттығу барысында дұрыс дем алу маңызды. Дания Искалиева елордамызда білім алған. Онда йоганың мұндай түрі бес жыл бұрын пайда болған, ал дүние жүзінде бұл 2000-шы жылдардың басынан таралған.
Гамакпен жұмыс жасау өте қолайлы, онда келушілер би қимылдарымен әуеде жаттығулар жасап, созылу элементтерін біріктіреді. Ол негізінен парашюттік матадан жасалған, 150 келіге дейінгі салмақты көтере алады екен.
Дания Искалиева, йога жаттықтырушысы:
– Гамак – сіздің денеңіздің мүмкіндіктеріне сәйкес келетін бірегей құрылым. Омыртқаны созу, жүректің жұмысын жеңілдету үшін түрлендірілген қалыптар. Барлығы осы гамактың көмегімен жасалады. Fly йогамен жүктілік кезінде айналысуға тыйым салынған, тамырлардың варикоздық кеңеюі кезінде де абай болу керек. Ал егер омыртқанызда ауырсынуды сезсеңіз, демалып, жаттығуды уақытша доғару керек.
Икемділік пен ептілік. Бұл Fly Yoga-ның адам бойында дамытатын қасиеттердің бір бөлігі ғана. Елена Анискина гамактағы жаттығулардан кейін өмірінің түбегейлі өзгергендігін айтады. Бұрындары арқасы ауырған екен. Қазір бұл сырқаты оны мазаламайды.
Елена Анискина:
– Әрине, алғашқыда оңай болған жоқ. Тіпті қолмен орындалатын қарапайым қимылдар маған қиынға соқты, бірақ бірнеше айдан кейін ауырсыну толығымен жойылғанын сезіндім. Енді йога маған жан тыныштығын сыйлайды.
Дания Искалиева Fly йога студиясын осыдан бірнеше ай бұрын ашқан. Қазір мұнда 50-ден астам адам келіп жүр.