Спорт

Спорттық орнитологиядан жарыс өтті

Бүгін Петропавлда спорттық орнитологиядан жарыс ұйымдастырылды. Сайысқа М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің студенттері мен 7-ші орта мектебінің оқушылары қатысты. Оларға / саябақтағы құстарды іздеп тауып, ұшып кетпей тұрғанда ұялы телефондарына түсіріп алулары керек болды. Кейін / қанаттылар суретінің көптілігі мен сипатталуына қарай жүлделер бөлінді.

Қатысушылар жарыс ережесіне сәйкес 1,5 сағат ішінде түрлі құстарды ұялы телефондарына түсірулері керек. Кейін, сайыскерлер олардың түр-кейпі мен көлеміне қарай нақты қай қанаттылар екенін анықтайды. Әр дұрыс жауап үшін бір ұпайдан беріледі.

Аружан Серік – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

–  Мұндай сайыстарға алғашқы рет қатысып жатырмын. Сайыс өте қызықты өтуде. Осылай табиғат аясында құстарды сырттай бақылап суретке түсірген оқушылар мен студенттерге де өте қызықты деп ойлаймын. Қазірдің өзінде 10 шақты құсты түсіріп үлгердік. Алдағы уақытта тағы 30-40 шақтысын тауып, соңында жеңеміз деп ойлаймын.

Ұйымдастырушылардың сөзінше спорттық орнитологиядан жарыс тек көктем немесе күз айларында ғана өткізіледі екен. Өйткені, дәл осы мезгілдерде тіршілік иелерін бақылау өте қолайлы көрінеді.

Михаил Калашников – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ магистранты:

– Бұл жарыс биология кафедрасының студенттері арасында 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл мектеп оқушылары да қатысып жатыр. Сайыстың мақсаты – жастарды өңірімізде мекендейтін құстармен таныстырып, ерекшеліктерін баяндау.

Жалпы, бүгінде облыс аумағында құстардың 300-ге жуық түрі бар. Олардың 17 түрін түсіріп үлгерген 10-шы және 17-ші мектеп оқушылары жеңіске жетті.