Түркия мен Ресей. Зергерлік бұйымдар теріскей өлкесіне дәл осы мемлекеттерден әкелінеді. Дүкен сөрелеріне тауар шетелдік таңбамен жеткізіледі. Өзге елден кіргізілген асыл тас пен бағалы металлдан жасалған заттарға міндетті түрде қазақстандық белгі таңылуы тиіс. Әйтпеген жағдайда бұйымдар бірден контрабанда ретінде саналуы ғажап емес. Мұндай заң өз күшіне 2016 жылдың қаңтарынан бастап енген болатын.
Асыл тас пен бағалы металлдан жасалған бұйымдар. Зергерлік дүкен сөресіне жайғастырылған тауарлардың нәзікжандылар мен ер азаматтардың көңілінен шығатыны белгілі. Алайда, қазір көздің жауын аларлық бұл өнімді жасанды көшірмесімен шатастырып алу оп-оңай. Бірақ, сынамалық палата өкілдері үшін емес. Мамандар ең алдымен сынамаға мән береді. Кейін таразыға қойып өлшеп, бірнеше кішігірім тест жасайды. Теріскейге алматылық сарапшылар Еуразия экономикалық одағының петропавлдық зергерлер қауымдастығының шақыруымен келіпті.
Анастасия Кужилина, Еуразия экономикалық одағы зергерлер қауымдастығының басқарма төрайымы:
– Асыл тастар мен бағалы металл саласындағы заңнамада бірқатар өзгерістер орын алды. Ел аумағына кіргізілетін кез келген зергерлік бұйымға қазақстандық белгі таңылуы тиіс. Егер азамат сатып алатын тауарда тек ресейлік таңба болса, ол кәсіпкер не болмаса компанияның заңнаманы бұзғандығын білдіреді. Яғни, бұйым мемлекетке контрабанда арқылы кіргізілуі мүмкін.
Алматыдан келген сарапшылар зергерлік бұйымдардың сынамасын тексеретін болады. Сапасы сыналғаннан соң тауарларға қазақстандық белгі таңылмақ. Компания не болмаса кәсіпкер бақылаудан өткені туралы тұжырымдамаға қол жеткізіп, сынамалық палатаның бірыңғай базасына енгізіледі. Ал заңға қарама-қайшы келген іскер жандар кездессе, оларға айыппұл салынады.
Алина Белогонова, ҚР ИИДМ ТРМК СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
– ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде “Зергерлік бұйымдарды сынамалық таңбасыз саудалау” туралы бап бар. Оның санкциясы бойынша кәсіпкерге 50-мен 150 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Біз мемлекеттік бақылау шараларын ұйымдастырамыз. Егер азамат олқылықты түземесе, біз жоспардан тыс тексеріс өткізетін боламыз.
Петропавлда алматылық сынамалық палата 4 күн бойы жұмыс істемек. Осы аралықта сарапшылар зергерлік бұйымдарды саудалайтын 10 теріскейлік кәсіпкердің тауарларын тексеретін болады.
Эльмира Садвокасова