Таза бейсенбі. Осындай атаумен бүгін облыс орталығында жылдағы дәстүрдегідей кезекті акция бастау алды. Шараның алғашқы күні қолдарына сыпыртқы мен тырнауыш ұстаған жүздеген адам көше мен саябақтарды жинауға шықты. Олар – негізінен, мемлекеттік қызметшілер, түрлі мекеме жұмысшылары және студенттер.
«Таза бейсенбі» акциясына қатысушылар 7 аумаққа бөлініп жұмыс істеуде. Шараға мемлекеттік қызметкерлер мен колледж студенттері атсалысып жатыр. Олар шаһарды қыс бойы қар астында жатқан күл-қоқыстан тазартуда. Арасында өңірлік қаржы басқармасының мамандары да бар. Шаһар тазалығы тұрғындардан басталады дейді мемлекеттік қызметшілер.
Қайрат Есендіков, СҚО қаржы басқармасының бас маманы:
– Қыс бойы көп қоқыс жиналды, сондықтан бүгін мемлекеттік қызметкерлер өз үлесін қосып жатыр. Әлбетте, бәрімізге осылай қоршаған ортаны таза ұстау керек деп ойлаймын.
Тырнауыш, күрек және сыпыртқы. Қаланы жинауға шыққандардың дені осы құралдармен жұмыс істеп жатыр. Ал жергілікті темір жол колледжінің студенттері болса, тазалық шарасына өз қолдарымен жасаған құралдарын алып келген.
Максим Непомящий, Б.Әшімов атындағы Петропавл темір жол көлігі колледжінің студенті:
– Бүгінгі сенбілікке колледжден 16 бала келіп отыр. Қолымыздағы тырнауыштар мен зембілдерді өз қолымызбен жасадық. Негізі, қаланы тазарту жұмыстарына белсенді атсалысып тұрамыз.
Көрші аумақты тілдер басқармасының мамандары тазалап жатыр. Әсем Сүлейменованың айтуынша, “Таза бейсенбі” шарасын өткізу күні бойы кеңседе отыратын қызметшілер үшін аса маңызды. Осының арқасында таза ауамен дем алып, белсенді қозғалу мүмкіндігі бар.
Әсем Сүлейменова, СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы:
– Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұжымы сенбіліккке шығып отырмыз. Негізі, осындай сенбіліктерді қолдап отырмыз. Қатаң қыстан кейінгі көктем кезінде табиғатты аялау, күту мақсатында шығып отырмыз. Барлық қоқыстарды жинақтап жатырмыз.
Жалпы, бүгінгі “Таза бейсенбі” шарасына қала бойынша мыңға жуық адам мен 5 бірлік техника жұмылдырылған. Олар 38 көше мен 48 шағын саябақты жинастырды. Мұндай тазалық акциясы Петропавлда алдағы 3 ай бойы жалғасын таппақ.
Байболат Бектемірұлы