МТРА жаңалықтары

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне әлеуметтік төлемдер жасалады

Жыл санап бейбіт күнді жақындатқан жандардың саны азайып барады. Өткен жылы өңірде 9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күнін 110 ардагер қарсы алса, биыл олардың саны – 83. Қарт майдангерге көзі тірісінде құрмет көрсетілуі қажет.

Сондықтан, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген жандар «Әлеуметтік такси» қызметін пайдаланады. Тағы жыл сайын сәуір айында қайырымдылық сенбіліктер ұйымдастырылып, жиылған қаржы қарияларды ұлықтауға бағытталады. Айта кетейік, биыл мұндай шара алдағы демалыс күндері өтпек. Бұдан бөлек, ай сайын қарт майдангерлерге әлеуметтік төлем ретінде 40 мың теңгеден астам қаражат беріледі. Ал Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында оларға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік қаржы төленуде. Биыл оның сомасы 252 мың 500 теңгені құрамақ.

Гүлмира Мәулетбаева – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

–  Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген жандарға 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 12 625 теңге көлемінде қаржы беріледі. Өңірде ондай 1300 адам бар. Сондай-ақ, арнайы марапатқа ие болған 270 тыл еңбеккері осындай сомадағы әлеуметтік төлемге ие болмақ. Айта кетейік, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілгендерге тіс протездеу, санаторлы-курортық емделу бойынша қолдау көрсетіледі. Жол ақысы мен коммуналдық төлемдер мен отын аларда көмек беріледі. Бұл шараларға 161 млн теңгеден астам қаржы бағытталып отыр. Бүгінгі таңда осындай қолдауға 342 адам ие болды.

Мағжан Ахмадина