Денсаулық сақтау

Қызылшаға қарсы екпе егу науқаны басталды

Елімізде сәуірдің 1-інен қызылшаға қарсы екпе егу науқаны басталды. Бүгінде өңірге 10 мың дана вакцина жеткізіліпті. Келіп түскен препараттар емханаларға қажетті көлемде таратылып жатыр. Жалпы, вакциналау шараларымен үш тәуекел топтары қамтылмақ.

Мағжан Ахмадина – тілші:

– Өткен жылдың 1-ші қаңтарынан елімізде 4700-ге жуық адам қызылша ауруын жұқтырған. Дертке шалдыққандардың саны, әсіресе күз айларында артыпты. Сол кезде науқастар республиканың барлық өңірлерінде тіркелген екен. Осындай жағдай қайталанбас үшін Қазақстанда 1-сәуірден бастап қызылшаға қарсы екпе егу жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа үкіметтен 800 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, 651 мың вакцина сатып алынған.

Соның 10 мыңы біздің өңірге жеткізіліпті. Қазір емдеу мекемелері қажетті екпелерді өзара үлестіріп алып жатыр. Айталық, қалалық 1-ші емханаға 1200 вакцина берілген. Оны мамандар арнайы термоконтейнерлермен әкеліп, тоңазытқыштарға қоюда.

Елена Токтогулова – №1 қалалық емхананың педиатрия бөлімшесінің мейірбикесі:

– Біз жылда үнді вакцинасын аламыз. Сапасы өте жақсы. Ол бірден үш дерт, яғни осы қызылша, қызамық және паротитке қарсы қойылады. Оның 700-і – балаларға, қалған 500-і ересектерге арналған. Жалпы, бұрындары қызылшаға қарсы екпе 1 және 6 жасқа толған балаларға ғана жоспарлы түрде қойылатын. Ал өткен жылдың соңында дерттің өршуіне байланысты биыл 9 және 10 айлық сәбилерге де егеміз. Кейін бұл бүлдіршіндер жоспарлы вакциналау шараларына да легеді.

Мамандар бұрындары екпе егу шараларына қарсы болатын ата-аналардың аз болмағандығын айтады. Ал қазір жағдай өзгерген. Оларға өткен жылғы қызылша дертінің өршуі сабақ болған сыңайлы.

Светлана Давыдова – №1 қалалық емхананың эпидемиолог-дәрігері:

– Вакцина алуы тиіс адамдардың барлығы келісім берді. Өйткені, қазір олар екпенің пайдасы бар екендігін түсінді. Жалпы, министрліктің тапсырмасы бойынша вакцинамен жоғары тәуекел тобындағы адамдар қамтылады. 1 жастан кіші балалардан бөлек, тағы бұрын егілмеген, 5 немесе одан да көп жыл бұрын тек бір екпе алғандарға да вакциналау жүргізіледі. Яғни, олар – 30 жасқа дейінгі азаматтар. Медицина қызметкерлеріне де екпе жасалады. Біздің емханаға қарайтын 400-ге жуық ақ халатты екпе алмақ.

Оксана Авдеева да 9 айлық қызы Александраны ертіп бүгін вакцина алуға келген. Ең алдымен олар дене қысымын өлшеп, дәрігерге қаралды.

Оксана Авдеева:

– Екпелерді міндетті түрде жасатамыз. Ана ретінде оны баламның денсаулығына қажет деп санаймын. Вакцина белгілі бір аурудан қорғайды. Сондықтан мұндай шаралардан қалмаймыз.

Балаларға дәрінің 0,5 миллилитрі егіледі. Және вакцниа алардан бір ай бұрын баланың ауырмағандығы маңызды. Екпені жасатып болған соң да ата-ана жарты сағат емдеу мекемесінде болуы тиіс. Осылайша, ақ халаттылар балғынның препаратқа деген рекциясын тексереді.
Жалпы, жыл басынан бері 200-ге жуық солтүстікқазақстандық қызылша дертін жұқтырған. Оның 4-уі – жүкті әйелдер болса, 95-і – балалар.

Магжан Ахмадина