Жасанды интеллект дәрігер тапшылығын шешуге септеспек. Бүгінде өңірде ақ халатты абзал жандар қажеттілігі өткір сезіледі. Бұл ретте облыстық аурухана ұжымы IT саласының мамандарымен бірлесіп арнайы бағдарлама құрастырған. Ол рентген кескінін зерттеп, орын алған патологияны анықтайды.
Марк – Қазақстанда теңдесі жоқ бағдарлама. Ол рентген кескінін санаулы секундтар ішінде қарап, науқастың өкпесінде болуы мүмкін патологияны анықтайды. Әрі дәрігерлерге назар аудару қажет аймақты белгілеп көрсетеді. Жасанды интеллектке күмән келтіруге негіз жоқ. Ақ халаттылар оны IT саласының мамандарымен бірлесіп бір жыл бойы жасаған екен.
Анна Голубева – облыстық аурухананың сәулелік диагностика бөлімшесінің меңгерушісі:
– Бағдарламаны жасау үшін 6000 рентген кескінін қарап шығып, оны цифрландырдық. Кейін әрбіреуінде табылған патологияны компьютерге енгіздік. IT мамандары жасанды интеллектіні кескіндерді оқып, өкпеге зақым келген тұсты табатын қылды. Қазір бағдарлама өте жиі кездесетін 9 бірдей патологияны анықтай алады.
Бағдарлама алдымен 30 күндік тестілеу режимінде жұмыс істепті. Осы уақыт ішінде патологияны бірде-бір рет қате көрсеткен емес. Есесіне, рентгенологтың назарына ілікпей қалған тұстарды анықтай білген. Қазір ол толыққанды іске қосылды. Әсіресе, түнгі уақытта және демалыс күндері жасанды интеллектінің пайдасы орасан. Себебі, бұл кезде рентгенолог мамандар жұмыс істемейді. Ал науқастарды тәулік бойы қабылдайтын бөлімшедегі ақ халаттылар сәулелік диагностика кескінін жіті зерттей алмауы мүмкін.
Юрий Белоног – облыстық аурухананың бас дәрігері:
– Бағдарламаны қолданысқа енгізу аудандық ауруханалар үшін өзекті болмақ. Барлығымыз білетіндей, елді мекендерде дәрігерлер тапшы. Әсіресе, рентгенолог мамандар жоқ. Жасанды интеллект – негізі ақ халаттылар үшін өте қажет дүние. Ол адами фактор салдарынан олқылықтың туындауына жол бермейді.
Облыстық аурухананың дәрігерлері бұнымен тоқтап қалмақ емес. Мамандар алдағы уақытта жасанды интеллектіні ультрадыбыстық диагностикаға енгізбек ниетте.
Эльмира Садвокасова