Бизнес және экономика

Бизнес пен инвестицияны қорғау

Бизнесті жүргізуде іскер жандар жиі кезігетін проблемалар қандай? Мәселелерді қалай оңтайлы шешуге болады? Бүгін бұл сауалдарға тілшілеріміз өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингіде жауап алды.

«Бизнес пен инвестицияны қорғау». Бұл – кәсіпкерлер мен қалталы азаматтарды қолдаудың бір түрі. Жоба өткен жылдың наурызында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңір бойынша департаментімен қолға алыныпты. Шаһардағы фронт-офис те сол уақытта ашылған. Мақсат – ауыз бастырық пен көз қыстылыққа жол бермеу. Бүгінге дейін теріскейлік 11 компаниямен 138 млрд теңгенің келісім шарты жасалған.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Кез келген кәсіпкер немесе инвестор мемлекеттік бағдарлама туралы ақпарат алғысы келсе жобалық кеңсеге жүгіне алады. Сондай-ақ, келісім шартта көрсетілген талаптар дұрыс атқарылмай және парақорлық фактілері орын алып жатса оны тыю бойынша да жұмыстар жүргізіледі. Осылайша, 12 ай ішінде мамандарға теріскейлік бизнесмендерден 37 өтініш келіп түсті. Бұл ретте біз барлық істің анық-қанығына жетіп, оларға тиісті кеңес бердік.

Бизнесті жүргізуге бағытталған қолдау бар, бірақ кездесетін кедергілер де аз емес. Бұл ретте былтыр Кәсіпкерлер палатасы агенттік өкілдерімен бірлесіп арнайы мониторинг жүргізіпті. Шара барысында ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияларды рәсімдеу ісінде жергілікті атқарушы орган тарапынан бірқатар олқылықтар анықталған.

Жеңіс Қазиев – СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Жергілікті атқарушы орган қызметкерлері кәсіпкерлерді кейбір құжаттардың жетіспейтіні туралы ескертпепті. Осылайша, аграрийлер тағайындалған субсидияларынан айырылып қалған. Біз бұл істі агенттіктің мамандарына жолдадық. Мұнда кәсіпкерлердің құқығы шектелгені анықталды. Өткізілген мониторингтің нәтижесі бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі, агенттік пен ұлттық палата өкілдері субсидияны алу шарасын енді мемлекеттік корпорация арқылы жүргізуді шешті. Бұл қағазбастылықтан арылтады әрі парақорлықты болдырмайды.

Тағы бір мәселе – жер учаскелеріне қатысты. Бұл сала бойынша қажетті ақпарат алу кәсіпкерлер үшін оңай шаруа емес. Сол себепті, Ұлттық палата соңғы 2 жыл бойы жер учаскелерін цифрландыру қажеттігін алға тартуда. Бастама былтыр маусым айында қолға алынды. Өңірге аталған мақсатқа республикалық бюджеттен – 80, ал жергілікті қазынадан 70 млн теңге бөлініпті. Биыл бұл шаруа шаһар бойынша өз мәресіне жетеді, нәтижесінде барлық бос жатқан жерлер мен оның инфрақұрылымы тура мағлұмат қолжетімді бола түспек.

Эльмира Садвокасова