ТЖ

Темір тұлпар тізгіндегендердің назарына

Өрт сөндіру көлігіне жол бер! Ережеге сай жүргізушілер  сиренасы қосылған арнайы техниканы өткізіп жіберулері тиіс. Алайда, бұл қағиданы жүргізушілердің көбі орындамайтын көрінеді.

Құтқарушылар тізгіндеген темір тұлпарлар біреудің өмірі мен мүлкін құтқаруға асығып бара жатқанын естен шығармаған жөн. Мамандардың айтуынша көшеде қызметтік машиналарға жол берілмей жатады. Осыған байланысты ТЖД мен жергілікті полиция өкілдері шаһарда бірлесіп рейд жүргізді. Яғни, қызметкерлер жергілікті жүргізушілердің тиісті ережені қаншалықты ескеретіндігін байқады. Нәтижесінде біраз теріскейліктің ортақ тәртіпті сақтамайтындығы анықталды. Осы орайда тұрғындарға айта кеткен жөн, арнайы техниканы өткізіп жібермегендерге – 7 АЕК, шамамен 18 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.

Айтуар Бекенов, қалалық №1 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

– Көп жағдайда жүргізушілер музыканы қатты қосып қойып, артта келе жатқан техниканың дабылын естімейді. Яғни, оған назар аудармайды. Сол себепті, оларға жолда аса мұқият болуға кеңес береміз.

Саят Ермек