Театрдағы түн. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында осындай ерекше шара өтті. Актерлердің төл мерекесіне арналып ұйымдастырылған кеште өнерсүйер қауым спектакльдің жасалу жолын қарап, сахна сыртындағы өмірмен танысты.
Театр ұжымы бүгінгі кешке тыңғылықты дайындалған.Ұйымдастырушылар қонақтарды барынша қызықтыру мақсатында бірнеше жерде шығармашылық бұрыштар әзірлеген. Мәселен, «Поэтикалық кафе» деп аталған тұста жергілікті ақындар өнер көрсетті. Сондай-ақ, көрермендерге экскурсия ұйымдастырылып, ал өнер ошағының музейіне баратын топ алдынан балгерлер шығып, келген адамдардың болашағын болжады.
Елена Покрас, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:
– Бүгінгі шараны жан-жақты әрі қызықты етіп ұйымдастыруға тырыстық. Мұнда, сондай-ақ, шеберлік сағаттары өтеді. Тұрғындар өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен кәсіп иелеріне толғандырған сұрақтарын қоя алады.
Шараға Ресейден білікті режиссер Галина Зальцман да шақырылыпты. Ол театр өнеріне ден қойған 20-ға жуық жасқа Уильям Шекспирдің «Ромео және Джульетта» спектаклінің негізінде шеберлік сағатын көрсетті. Айтуынша бұл – еңбек жолын жаңа бастап келе жатқан жандар үшін тәжірибе жинақтаудың бір түрі.
Галина Зальцман – режиссер, Мәскеу қаласы, РФ:
– Жергілікті жастардың талабы зор. Мен оларға жалпы режессура, режиссуралық талдау және қазіргі таңдағы классикалық режиссуралық интерпретация туралы ақпарат бердім.
Шара соңы гала-концертке ұласты. Кеш өнерсүйер қауымның көңілінен шықты.
– Бүгінгі өткен іс-шара бізге өте қатты ұнады. Бұл біз үшін жаңа іс-шара болды.
– Бұл шара көптеген жақсы эмоция калдырды. Алдағы уақытта тағы келеміз деген ойдамыз.