Спорт

Петропавлда грек-рим күресінен облыстық ашық турнир өтті

Демалыс күндері Петропавлда грек-рим күресінен КСРО-ның спорт шебері Василий Левчукті еске алуға арналған облыстық ашық турнир өтті. Осымен үшінші рет ұйымдастырылған жарысқа Қазақстанның бірнеше аймағы мен Ресей және Тәжікстан елдерінен келген 85 жас палуан қатысты. Олар 12 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасып, мақтыны анықтады.

Василий Левчук өзінің бар өмірін грек-рим күресіне арнаған. Ол – КСРО-ның спорт шебері. Палуан осы атағын бір емес, 7 мәрте растапты. Жерлесіміз жаттықтырушылық қызмет те атқарды. Ондаған жасты тәрбиелеп, өңіріміздегі грек-рим күресінің өркендеуіне сүбелі үлесін қосты. Міне, бүгін теріскейліктер ардақты азаматты еске алып жатыр.

Бақытбек Өтегенов – турнирдің бас төрешісі:

–  Біз Василий Левчуктің құрметіне 3-ші мәрте турнир өткізіп жатырмыз. Бұл жолғы жарысқа Қазақстанның бірнеше аймағы мен Ресей және Тәжікстан елдерінен 85 жасөспірім спортшы келді. Олар 12 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасады. Додадағы бәсекелер 2 кілемде өтіп жатыр.

Жарыс шымылдығын 29 келі салмақ дәрежесіндегі балалар ашты. Мына кілемде жергілікті жас палуан Виктор Ушаков пен тәжікістандық Махди Баронов күресіп жатыр. Қонақ спортшы өте жылдам екен. Ол бірнеше рет қарсыласының арқа тұсынан шығып, оны ерсілі-қарсылы аунатып айқын жеңіске жетті.

Махди Баронов – турнирге қатысушы, Тәжікстан Республикасы:

– Жаңа ғана жергілікті палуанды жеңдім. Оны накат әдісі арқылы ұттым. Бұған дейін 2 бәсекеде жеңіске жеткен едім. Енді, финалдық сайыста күресемін. Өзіме жарыс ұнады. Мұндағы балалардың барлығы мықты.

Бұдан кейін залға жиналған қауым сәл ересек палуандардың күресін тамашалады. Олар көрермендерге тартысты бәсеке ұсынып, жарыстың көркін келтірді. Айта кетейік, турнирді тамашалауға XXVI Олимпиада ойындарының чемпионы Юрий Мельниченко келіпті. Даңты бозкілем шебері мұндай сайыстар жастардың тәжірибе жинақтауына көп септеседі дейді.

Юрий Мельниченко – грек-рим күресінен XXVI Олимпиада ойындарының чемпионы (Атланта, 1996 жыл):

– Бала кішкентай күнінде жарыстарға көп қатысуы керек. Сонда мол тәжірибе жинайды. Әрі басқа палуандардың қимылдарын, әдіс-тәсілдерін тез меңгереді. Бүгінгі дода қазақстандық өрендерге көп нәрсе береді. Олар мықты ресейлік жастармен сынға түсіп, шеберліктерін шыңдайды. Тәжікстандық балалар да осал емес. Турнирдің өткізілуіне көңілім толып отыр.

Василий Левчукті еске алу турнирінің соңында жүлдегерлер мақтау қағаздары, медаль және кубокпен марапатталды.

Байболат  Култанов