Қоғам

Наурыздың 31-іне дейін декларация тапсыру қажет

Жерлестеріміздің есіне саламыз! Наурыздың 31-іне дейін азаматтар өткен жылдағы табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырулары шарт.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске сәйкес отандастарымыздың кей санаттары өткен жылдағы жеке табыс салығы және мүлкі туралы декларациясын тапсырулары керек. Тиісті ақпаратты салық төлеушілер наурыздың 31-інен кешіктірмей ұсынуға міндетті.

Анар Әдиева – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы:

– Заңды тұлғалар, оның ішінде ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер 100-ші форма бойынша декларация тапсырады. Жер қойнауын пайдаланушылар 110-шы және 150-ші, жеке кәсіпкерлер -220-шы, шаруа қожалықтары 920-шы форма бойынша ақпарат береді. Ал 2018 жылы мүлкін сатып, табысқа ие болған жеке тұлғалар 240-шы форма бойынша декларация тапсырулары тиіс.

Тағы мемлекеттік қызметкерлер де, сауда нысандарын жалға беріп отырған кәсіпкерлер мен жеке меншігінде көлік, жер телімдері және басқа да мүлкі бар бизнесмендер де өткен жылдағы табыстары жайлы есеп берулері шарт. Егер декларация айдың соңғы күніне дейін тапсырылмаған жағдайда алдымен ескерту жасалады, кейін айыппұл салынады.

Анар Әдиева – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы:

– Ескертуді елемей, бір жыл ішінде декларация тапсырмаған жеке тұлғалар – 15 АЕК көлемінде, яғни шамамен 38 мың теңге, коммерциялық емес ұйымдар – 30, орта кәсіпкерлік субъектілері – 45, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері 70 АЕК шамасында айыппұл төлейді.

Декларацияны петропавлдықтар қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының қызмет көрсету орталығында тапсыра алады. Ол үшін мұнда арнайы терминалдар орнатылған.

Саят Ермек