ТЖ

Мереке күндері 5 адамға иіс тиді

Наурыз мейрамын тойлау кезінде облыс аумағында 6 бірдей өрт оқиғасы орын алды. Төтенше жағдайдың 3-еуі жеке тұрғын үй секторында тіркелді. Баспаналарда туындаған қызыл жалын салдарынан 5 адамға иіс тиіп, ауруханаға жеткізіліпті. Абырой болғанда, жерлестеріміздің барлығы аман.

Наурыздың 21-і мен 25-і аралығында өңірде 6 бірдей өрт оқиғасы орын алған. Көбінесе тілсіз жау жеке тұрғын үй секторында тіркелген екен.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

–  Мереке күндері Петропавлдағы және Ғабит Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимка селосында орналасқан 3 үйден өрт шықты. Төтенше жағдай пештерді орнату кезінде жіберілген қателік пен қолдану ережелерін бұзу салдарынан туындап отыр. Орын алған апаттарда адам өлімі тіркелген жоқ. Тек 5 адамға иіс тиіп, ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендердің 3-еуі – бала.

Тағы, наурыздың 22-сінде Бескөл кұс фабрикасынан от шықты. Мұнда сымдардың қысқа тұйықталуы орын алып, 90 бас қанатты жанып кетіпті. Оған қоса, өрт 16 шаршы метр жерге зардабын тигізген. Келесі күні түс ауа Явленка селосындағы Кондратьев жеке кәсіпкерлігінің әкімшілік ғимаратында төтенше жағдай тіркелді. Аталған нысанның мұржасы бітеліп қалыпты. Салдарынан тілсіз жау 70 шаршы метрді шарпыған екен.

Игорь Баллев – СҚО ТЖД басқармасы бастығының орынбасары:

– Бұдан бөлек, сымдардың қысқа тұйықталуынан мереке күндері Петропавлда автокөліктен де от шықты. Бұл оқиға кезінде ештір тұрғын зардап шеккен жоқ. Негізі, ауа райы жылынған кезде көптеген жеке тұрғын үйлерге су кетіп, өрт орын алуы мүмкін. Сондықтан, тұрғындар сақтық шараларын күшейткені жөн.

Жалпы, жыл басынан бері өңірімізде 148 өрт оқиғасы орын алыпты. Апаттың салдарынан 11 адам қаза тауып, 8 тұрғын жарақат алған. Ал келтірілген материалдық шығынның көлемі 28 млн теңгеден асады.

Байболат  Култанов