Кешкі жаңалықтар

Елорда атауының Нұр-Сұлтан деп өзгертілуіне арналған шығарылым

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Тарихи сәт! Елордамыздың атауы – Нұр-Сұлтан болып өзгертілді. Бұндай ұсынысты ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ант қабылдау рәсімінде жасаған болатын. Тұжырымды пікір Парламент мүшелері тарапынан бірден қолдау тапты. Бүгін – наурыздың 23-і мемлекет басшысы Астана қаласының атауын өзгерту туралы жарлыққа қол қойды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті, Қысқы Азия ойындары, халықаралық Экспо көрмесі. 20 жыл ішінде бас қаламызда өткен ауқымды шаралар тізбегін жалғастыра беруге болады. Ұлы даладағы басты ордамыз кезінде кішкентай ғана кент болатын. Ал, бүгін ол тоты құстай түрленіп, жердегі жұмаққа айналды. Шаһардың аз ғана уақытта ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеге көтеріліп, төрткүл дүниеге танылғаны – Тұңғыш Президенттің қажымас еңбегінің арқасында. Астана – Елбасының ақиқатқа айналған арман-тілегі.

Виталий Шеминг – Облыстық жастар мәслихатының өкілі:

– Қазақстан Республикасы мен Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі әрдайым қатар жүреді. Сондықтан, елордамызды Тұңғыш президенттің құрметіне атау ең дұрыс шешім деген ойдамын. Бұл астанамыздың дәрежесін асқақтататына сенімдімін. Бұл ретте айта кету қажет, өзгерістер қыруар қаржыны талап етпейді. Барлық құжаттарды ауыстыру шаруасы біртіндеп жүргізілетіндиги осыған дейін айтылған болады.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің көшбасшылық қасиеті мен көрегенділігінің арқасында елордамызды ғана емес, егемендікке енді ғана қол жеткізген мемлекетті аяғына нық тұрғызған болатын. 30 жылға жуық уақыт ішінде Тұңғыш президенттің ел мен халық үшін жасаған орасан зор еңбегі жеті құрлыққа да белгілі. Ол республикамызды қиын-қыстау кезеңдер мен дағдарыстан талай рет алып шықты. Қазақстандықтардың сөзінше, бас шаһар мен қаладағы орталық көшелердің атауын Елбасының құрметіне ауыстыру біздің оған көрсете алатын құрметіміздің тек бір парасы ғана.

Жарасбай Сүлейменов – Қазақстан Жазушылар одағының СҚОФ директоры:

– Астана қаласы – Елбасының төл перзенті. Сарыарқаның төсінде қала тұрғызып, атын бүкіл әлемге танымал етті. Бұның барлығы – Елбасының сындарлы саясаты мен еңбегі.

Әлем қаласы, Түркі әлемінің мәдени астанасы мен Еуразияның жүрегі. Бұның барлығы – біздің бас қаламызға берілген баға. Тәуелсіз Қазақстанның символына айналған астананың жаңа атауы да алдағы уақытта брендке айналатыны сөзсіз. Айта кеткен жөн, елордамыз – Нұр-Сұлтан дефис арқылы жазылады.

***

Саят Ермек – тілші: 

– Үлкен мүмкндіктер қаласы! Енді еліміздің талантты әрі білімді жастары перспектива іздеп Астанаға емес, Нұр-Сұлтанға баратын болады. Елорданың атауын өзгерту жайлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығын солтүстікқазақстандық өскелең ұрпақ ыстық ықыласпен қабылдады. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға арнап олар флешмоб та ұйымдастырды.

Бұлар – Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттері, яғни ел болашағы. Орталық алаңға жиналған жастар қолдарына көк туды алып, «Нұр» сөзін құрастырды. Тағы «Қазақстан. Нұр-Сұлтан» деп ұрандатты.

Осылайша, студенттер елорданың жаңа атауына қатысты қолдау білдіруде. Сөздерінше, Қазақстанның бас қаласына елді аяққа тұрғызған Елбасының есімін беру – дұрыс шешім.

Бекарыс Іздібай – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Нұрсұлтан Әбішұлының есімі біздің өскелең ұрпаққа өмірбақи үлгі-өнеге болып қалуы керек. Біз сол кісінің салып кеткен сара жолымен жүруіміз керек. Н.Назарбаевтың есімі біздің Қазақстан мемлекетінің тарихында қалуы керек, себебі ол – елімізге Тәуелсіздік алып берген кісі.

Енді отандастарымызға астананы «Нұр-Сұлтан» деп атауға дағдылану қажет. Жастар бұл қиынға соқпайды дейді. Ал бас қаланың тұрғындары баяғыдай «астаналықтар» болып қала бермек. Жалпы, мемлекет ордасына оның негізін қалаған қайраткердің есімін беру – жаңашылдық емес. Әлемдік практикада бар құбылыс. Мәселен, алпауыт Американың астанасы оның тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның құрметіне аталған. Бүгінде елордамыз – қазақстандық бренд, күн сайын емес, сағат сайын ілгерілеп, дамып келе жатқан шаһар. Оны әлемге танытқан – Елбасы. Мұны Нұрсұлтан Назарбаевқа айтылған алғыс деп білуіміз керек дейді қатардағы теріскейліктер.

– Дұрыс деп ойлаймын. Болуға тиісті, ол кісінің еңбегі бар. Халыққа естелік болып қалады. Бұл шешімді қолдаймын.

– Ел үшін, біз үшін, жұртшылық үшін біраз жақсылық істеді. Аты мәңгілік естелік болып қалу үшін қойған. Дұрыс шешім деп ойлаймын.

Эльмира Сәдуақасова, Саят Ермек