Қоғам

Жерлестеріміз Ұлыстың ұлы күнін ұлықтады

Ақ түйенің қарны жарылған күн! Бүгін жерлестеріміз Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамын тойлады. Теріскейліктер үшін Тұңғыш Президент атындағы саябақ алаңында киіз үйлер тігіліп, ауқымды концерт қойылып, ұлттық тағамдар таратылды. Көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамын қалалықтар бар сән-салтанатымен ұлықтады.

Саят Ермек – тілші:

– Қалың қыстан аман шығып, көгілдір көктем нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесінің Қызылжардағы ауқымын көзбен көрмесе, сөзбен жеткізу қиын. Жұртшылық Ұлыстың ұлы күнін ұлықтау үшін басты алаңға ағылды. Ал тамашалайтын дүние мұнда жетерлік.

Ұлы көш сахнаға қарай беттеп келеді. Бөрікті ер жігіттер, кимешек киген әжелер, тұлпар тізгіндеген бозбала-бойжеткендер мен Қыдыр ата жұртшылықты келіп жеткен әз Наурызбен құттықтап жатыр. Жалпыұлттық мейрамда өңір басшысының атынан орынбасары Мадияр Қожахмет те бұқараға игі тілек жолдады.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбсары:

– Наурыз мерекесі – ата-балаларымыздан қалған асыл мұралардың бірі. Халқымыз бұл күнді жаңа жылдың басы деп санаған. Адамзат та, табиғат та осы күні жаңарады. Бұл – татулық пен бірлік күні. 100-ден аса ұлт өкілі тұратын еліміз үшін бұл мейрам аса маңызды. Бұл күні тек қана осы алаңда емес, облысымыздың әр ауылында осындай үлкен той өтіп жатыр.

Қазаққа тән дархандықпен өнерпаздар домбыраны күмбірлетіп, ән шырқап, би билеп, жаулықтылар шашу шашып мәре-сәре. Балалар алтыбақан тебуде. Басты алаңға келген қалалықтар той-томалақта осылайша сауық-сайран құрып жатыр.

– Көңіл күйім жақсы, бәрі оңды. Күннің көзі жарқырап тұр. Ақ мол болып, тек ойын-қызықпен жүре берейік.


– Тоғызқұмалақ, күрес, алтыбақан және өзге де ұлттық ойындар ойнатылуда. Маған ұнауда.


– Мен бүгін балаларыммен, немерелеріммен Наурыз мерекесін мейрамдап жүрмін. Еліміз тиыш болсын, ең бастысы – денсаулық болсын. Елбасымызға рахмет айтамыз. Жаңа Президентіміз де елімізге сүбелі үлесін қосып, Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты еңбек етсін.

Оңтүстік Астанадан келген ұйғыр өнерпаздары да жүрекжарды тілектерін жеткізуде.

Сухраб Мұхтаров – “Юксаль” тобының солисі, Алматы қаласы:

– Аламатының атынан, ұйғырлардың атынан Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, аспанымыз ашық болсын.

Жерлестеріміз ғана емес шетелдіктер де жүр мұнда. Сильванус Опот – кениялық жігіт. Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде сабақ береді. Ұлттық мейрамымызға ортақтасып жатқанына ол ерекше қуанышты.

Сильванус Опот:

– Наурыз жайлы көп нәрсе білемін. Естуімше, бұл – қазақ халқы тойлайтын жаңа жыл, көктемнің бастауы. Мерекеден алып жатқан әсерім керемет. Қазақтардың тойшыл халық екеніне көзім жетті, палауды да дәмді етіп әзірлейді.

Саят Ермек – тілші:

 – Басты алаңда 7 бірдей киіз үй тігілген. Әрқайсысы Ұлы далаға тән жеті қырдың біреуіне арналыпты. Мәселен, мына отауда Қазақстандағы ежелгі металлургиямен танысуға болады. Бұдан бөлек, Түркі әлемінің бесігі саналатын Түркістанға, Алтын адамға, Жібек жолы мен аң стиліне арналған шаңырақтар да бар. Кіріп, танысам десең, мархабат.

Ал шеттегі мына киіз үй алма мен қызғалдаққа арналған. Асқақ Алатаудың баурайы олардың тарихи отаны екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Сондықтан, бұл да – Ұлы даланың жеті қырының бірі.

Нәзира Ысқақова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК кітапханашысы:

– Бүгінде қызғалдақтың 100-ден астам түрі бар, ал Қазақстанда 37 түрі өсіріледі. 2018 жылы Алматыдағы “Көктем гүлдері” фестивалінде “Президент Назарбаев” қызғалдағы ұсынылды. Сонымен қатар Голландия селекционерлері “Қазақстан Республикасы” деген тағы бір жаңа сұрыпты шығарды. Жалпы, Қазақстанда алманың 48 сорты өнідіріледі. Соның 7 түрін біз бүгін дастарханға қойдық.

Жеміс пен қыр гүлінің неше түрлі сұрпы бар мұнда. Киіз үйге кірген жамағат өзін Алатау бөктерінде жүргендей сезіне алады. Олар Алматының апортын жинап, алма ағаштардың арасында суретке түсіп әлек.

Ал бұл шақта сыртта мейрамның нағыз қызған шағы. Бірі концерт тамашалап жатса, екіншілері дәмнен ауыз тиюде.

Саят Ермек – тілші:

– Ұлыстың Ұлы күні әр қазақ үйіне келген қонағын тойдыртып жіберуі тиіс. Мейманға тәтті-жұмсақтан тарту ету – міндет. Қызылжарлықтар да бұл дәстүрден жаңылмақ емес. Сондықтан, қалалықтарға тегін палау мен наурыз көже үлестірілді.

Жерлестерімізге арналып 3 тонна палау мен 700 келі бауырсақ және 300 литр наурыз көже әзірленіпті. Бір сөзбен айтқанда, қызылжарлықтар Наурызды бар сән-салтанатпен қарсы алды. Жұртшылықтың көңіл-күйі керемет, күн де шайдай ашық.

 

Саят Ермек