МТРА жаңалықтары

Теріскейліктер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын қолдауда

Бүгін елордада Парламенттің бірлескен отырысы өтті. Алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ант беріп, Қазақстан Республикасының Президенті атанды. Сонымен қатар, тарихи шара барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа лайықты құрмет көрсету жайына тоқталып, бірқатар ұсынысын тастады.

Күндізгі сағат 12:00-де елордада Парламенттің бірлескен отырысы өтті. Жиынның басында барлығы алдымен орындарынан тұрып, қошеметпен Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алды. Кейін, ішке Қасым-Жомарт Тоқаев кірді. Ол Конституцияға оң қолын қойып тұрып ант беріп, Қазақстан Республикасының Президенті атанды.

Ант қабылдау рәсімінен соң, жаңа мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихындағы маңызды рөліне тоқталды. Ол Тұңғыш Президенттің сарабдал саясатының арқасында тәуелсіз мемлекетіміздің әлемдік аренада ие болған беделін айтты. Осыған байланысты Ұлт көшбасшысына лайықты құрмет көрсету жайына тоқталып, бірқатар ұсынысын ортаға салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Наша столица должна носить имя нашего Президента и называться Нурсултан. Хотел бы напомнить, что такое предложение уже высказывалось депутатами Парламента в декларации, принятой 23 ноября 2016 года по случаю 25-летия независимости РК.  Воздвигнуть монумент в честь Первого Президента Республики Казахстан в столице нашего государства.

Президент алға тартқан ұсыныстың бірі күннің екінші жартысында-ақ қабылданды. Астана Нұрсұлтан қаласы болып өзгертілді. Мұны солтүстікқазақстандықтар естіп, өздерінің оң пікірлерін білдіріп жатыр.

Сағындық Салмұрзин – «Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы» РҚБ СҚОФ төрағасының орынбасары:

– Өзінің салып кеткен Астанасы. Қаншама адамдар қарсы болған да. Бірақ, елдің ортасында Астана болуына бар күшін салды. Қазір ол жерде миллионнна аса адам тұрып жатыр. Сондықтан, құптаймыз.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында облыс орталықтарындағы басты көшелерге Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру жайында айтты.

Сергей Худяков – Петропавл қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Петропавл қаласындағы бір көшеге Тұңғыш Президенттің есімін беруді қолдау қажет деп санаймын. Себебі, ол бұл құрметке лайық. Нұрсұлтан Назарбаев елдің дамуы жолында көп еңбек етті. Өскелең ұрпақ оның ерлігін, атқарған қызметін білуі тиіс.

Галина Семёнова – қалалық мәслихаттың депутаты:

–  Петропавлда Тұңғыш Президенттің атындағы көше болуы тиіс. Мен Мир көшесін Нұрсұлтан Назараевтың көшесі атанғандығын қалаймын. Өйткені, Елбасы ел бірлігін нығайтты. Бұл идеяны жерлестеріміз қолдайды деп ойлаймын.

Тағы, жиында Мемлекет басшысы Тұңғыш Президентке ең жоғарғы мемлекеттік марапат «Халық Қаһарманы» атағын табыс етті. Осы орайда айта кеткен жөн, Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың портреттері мен фотосуреттері көпшілік орындарда, мемлекеттік қызметшілердің кабинеттерінде , білім ошақтарында міндетті атрибут ретінде қалатындығын айтты.

Байболат Бектемірұлы