Қоғам

Петропавлдағы Мир көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілмек

Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі Петропавлдағы Мир көшесіне берілуі керек. Бұл ұсыныс бүгін қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында жасалды. Халық қалаулылары дәл осы көшені Тұңғыш Президенттің есімімен аталуға лайықты деп тапты.

Оның ұзындығы 7 шақырымды құрайды. Мұнда 300-ге жуық тұрғын үй орналасқан, тағы бірнеше әкімшілік ғимарат пен сауда әрі ойын-сауық орталықтары бар. Көшеге Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген жағдайда депутаттар оның бойында Елбасының ескерткішін орнатуды да ұсынды. Ол 8-ші мектептің алдындағы алаңқайда орын теуіп, дәл осы жерде шағын саябақ салу қажеттігі туралы айтылды. Мир көшесін Ұлт көшбасшысының есімімен атау жайлы ұсынысты жиынға қатысқан 19 депутат бірауыздан қолдады. Енді бұл сауалды Елордадағы республикалық ономастикалық комиссия қарастыратын болады.

Арман Бердағұлов – Петропавл қалалық мәслихатының хатшысы:

– Петропавл қаласының жұмыс тобы осы сұрақты депутаттардың алдына қойып отыр. Менің ойымша ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, Елбасымыз, ҚР Тұңғыш Преиденті. Н.Ә.Назарбаевтың есімі біздің тарихымызда естелікке қалады деп ойлаймын.

Саят Ермек