Құқық қорғау органдары

Шаһардың бас полицейі жұртшылық алдында есеп берді

Петропавлда алаяқтық, бопсалау, ұрлық фактілері мен аса ауыр қылмыстардың саны азайған. Бұл туралы өзінің есептік кездесуінде қалалық полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов баяндады. Жиынға 300-ге жуық қала тұрғыны қатысқан.

Жандос Мұқатов жұртшылыққа интернет-алаяқтар мен ұрылардың қақпанына түспеу үшін аса абай болу қажеттігін ерекше ескертті. Сондай-ақ, маскүнемдікке салынған петропавлдықтар тәртіп сақшыларының жіті бақылауында екен. Жыл басынан бері маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емделуге 18 адам жіберілген, ал 11 түлға ішімдікті заңсыз сауадалағаны үшін айыппұл төлепті.

Қылмыстың қайта жасалуын болдырмас үшін тәртіп сақшылары бұрын сотталған азаматтарды және мерзімінен бұрын шартты түрде босатылғандарды жұмыспен қамтуға да қарқын қосқан. Үстіміздегі жылы шаһар полицейлері пробация қызметімен бірлесіп 10 петропавлдыққа екі қолға бір күрек табуға көмектесіпті. Жалпы, заңбұзушылықтардың алдын алуда көшедегі бейнекамералардың біраз пайдасы тиіп жатқан көрінеді.

Жандос Мұқатов – Петропавл қаласы Полиция басқармасының бастығы:

– Қалада 500-ден аса камера орнатылған. Жыл басынан бері аталған құрылғылардың көмегімен 30-дан астам қылмыс әшкереленіп, 3 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды. Қала бойынша барлық заңбұзушылықтардың 60-70 пайызы осы бейнекамералардың көмегімен ашылады.

Култанов Байболат