Қоғам

Шаһар автобустарында “Домбыра әуені” акциясы өтті

Адай, Балбырауын, Тойбастар. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бұл күйлер шаһардағы қоғамдық көліктердің бірінде әуеледі. Наурыз мейрамын тойлау жоспарына сай жастар ресурстық орталығы “Домбыра әуені” акциясын өткізді.

Әдеттегі дүйсенбі, жұмыс аптасының басы. Петропавлдықтар қоғамдық көлікке мініп-түсіп, діттеген жерлеріне жүріп барады. Бірі – жұмысқа, бірі – шаруаларымен. Ал “4 а” маршрутына отырған қалалықтарды таң ата жағымды тосын сый күтті.

Екі жігіт қара домбыраны қолдарына алып, қазақ күйлерін төге жөнелді. Құрманғазының “Айдайы” мен “Балбырауыны”, Нұрғиса Тілендиев пен Дина Нүрпейісованың күйлері – маршрут ұзақ, сондықтан репертуар да ауқымды.

Ернат Сәбитов – домбырашы:

– Осыдан 2-3 күн бұрын ұсыныс түсті. Қуана-қуана қабыл алдық, себебі бұл – халық өнері. Жерлестеріміздің көңіл күйін көтеріп, Наурыздың дәмін сездіргіміз келді.

Домбыраның қоңыр, әуезді үні күйбің тірліктің қамымен қатынап бара жатқан жолаушылардың көңілін бір серпілтіп тастады. Әз Наурыздың жақындап қалғанын сездік дейді жұртшылық.

– Жұмыстарыммен кетіп бара жатырмын. Балар кіріп келіп, ойнай бастағанда аң-таң болып қалдым. “Жарайсыңдар” дегім келеді. Табылған ақыл. Мереке алдында көңілім көтеріліп қалды ғой.

– Жастар осылай жиірек ойнап тұрса ғой. Адамдарға ұнайды, өздеріңіз байқаған шығарсыздар. Өзім бір марқайып, сергіп қалғандаймын.

Бұл – “Домбыра әуені” акциясы. Оны өңірлік жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып отыр. Мұндай шара алғаш рет былтыр шілденің бірінші жексенбісі – Домбыра күніне орай өткізілген екен. Енді Наурыз мейрамының қарсаңында ұлттық аспабымыздың үні Петропавл автобустарында тағы бір әуеледі.

Зарина Қожанова – СҚО жастар ресурстық орталығы бөлімінің жетекшісі:

– Әрине, әр адам акцияны әр түрлі қабылдады. Көбіне үлкен кісілер жақындап, жігіттерге алғыстарын айтып жатыр. Қоғамдық көліктерде жерлестеріміз таңертең тұнжырайып, ойға шомып отырады. Біз домбыраның үнімен оларға тамаша көңіл-күй сыйлағымыз келді. Сондай-ақ, әрбір жолаушыға шағын күнтізбе табыс еттік.

Акцияны ұйымдастыру үшін шаһардың белсенді жастары дүйсенбіні бекерден-бекер таңдамаған. Ұлыстың ұлы күнін ұлықтау жоспарында наурыздың 18-іне “Жас келсе – іске” деген атау беріліпті.

 

Саят Ермек