Құқық қорғау органдары

Бесік арбаны 22 жасар петропавлдық қолды қылған

Демалыс күндері Н.Погодин атындағы орыс драма театры алдындағы алаңқайда оғаш ұрлық оқиғасы тіркелді. Баласымен жаяу қыдырып жүрген келіншек бесік арбадан сәл алыстап кеткенде, оған бәз біреу бас салып, ұстаған күйі қашып кеткен.

Көп ұзамай баукеспе құрықталды. Бұл 22 жастағы жігіттің алғашқы ұрлығы болмай шықты. Бұған дейін пысықай бірнеше рет біреудің мүлкін жымқырған. Енді ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. “Арбаның қараусыз тұрғанын көріп, иесі жоқ деп ойлағандықтан алып кеттім”. Өз әрекетін жас жігіт осылай түсіндіріп отыр. Қазіргі уақытта ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Ал ұрланған бесік арба – әзірге, тәртіп сақшыларында. Тергеу амалдары аяқталған соң мүлік иесіне қайтарылады.

Жеңісгүл Бейсембина – қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

 – Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Ұрыға мерзімі 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Култанов Байболат