Қоғам

Түрлі этнос өкілдері көрісу күнін атап өтті

Біздің өңірде 100-ден астам ұлт өкілі тұрады. Олардың арасында Наурыз мерекесін қарсы алу игі дәстүрге айналған. Бүгін бұл жандар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында көрісу күнін атап өтті.

Көрісу мейрамына арнайы шақырылған әр ұлт өкілі мерекелік дастарханға ұлттық тағамдарын алып келді. “Дуслык” татар-башқұрт орталығының мүшесi Зулейха Бикметова тәтті бәліш пен чак-чак дайындап әкелген екен.

Зулейха Бикметова – “Дуслык” облыстық татар-башқұрт қоғамдық орталығы» ҚБ мүшесі:

– Бұл – өте тамаша мейрамдардың бірі. Бүгін біз құр қол келіп отырған жоқпыз. Әрқайсымыз ұлттық тағамдарымызды әзірледік әрі құттықтауымыз да бар.

Көрісу күнінде қазақ халқы қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Бұл күні міндетті түрде бауырсақ пісіріліп, дастархан тәтті-дәмдіге толтырылады. Аталған дәстүр кей жерлерде бұған дейін ұмыт болса да қазір қайта жанданып жатыр.

Сағындық Салмурзин – “Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы” РҚБ СҚОФ төрағасының орынбасары:

– Басқа ұлт өкілдері амалдың мәнісін біліп, құдіретін біліп жатыр.

Мерекелік шарадан балалар да шет қалмады. Олар құттықтау сөздерін айтып, өздерінің ізгі тілектерін білдірді.

Адэлия Рахатова:

– Барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Бақыт пен жақсылық тілеймін. Отбасыммен біз қымыз, Наурыз көже дайындаймыз.

Жиын соңында дастархан басына жиналған меймандар композитор Шәмші Қалдаяқовтың әнін айтып, көңілдері бір серпіліп қалды.

Молдир Шаяхмет