Қоғам

Шал ақын ауданында үйі жанып кеткен көпбалалы отбасы жаңа баспана берілді

Наурыз қарсаңындағы қоныс тойы. Баспанасы күйіп кеткен Шал ақын ауданындағы көпбалалы отбасы бүгін жаңа үйдің табалдырығын аттады. Ступинка аулында тұратын Қуанышбек Жұбаилов пен Бибінұр Бексейітованың бес баласы бар. Жуырда жанұяның баспанасынан от шығып, түгел жанып кеткен. Абырой болғанда, барлық отбасы мүшелері аман.

Бір уақытта панасыз қалған жандарға аудандықтар ел болып қол ұшын созды. Аудан әкімдігі, кәсіпкерлер, депутаттар, еріктілер мен қатардағы ауыл тұрғындары оларға киім-кешек, азық-түлік, ыдыс-аяқ, тіпті жиһаз да берген. Сондай-ақ, Ступинкада бос тұрған жер үйдің есік-терезелерін алмастырып, күрделі жөндеу жүргізіпті. Осылайша, Наурыз мейрамының алғашқы көрісу күнін көпбалалы жанұя жаңа қонысында мол дастарханмен қарсы алды.

Саят Ермек