Құқық қорғау органдары

Жастарға «Қасірет» қойылымы көрсетілді

Жастарға «Қасірет» қойылымы көрсетілді. Биылғы жылды жергілікті полиция департаменті “Есірткі бизнесімен күрес жылы” деп жариялағаны белгілі. Соның аясында өткен шара барысында оқушылар мен студенттерге нашақорлықтың арты соқпақты болатындығы баяндалып, одан ада болу қажеттігі түсіндірілді.

Оқиға бір отбасының төңірегінде ғана өрбиді. Жігерлі, білімді өмірге құштар Жалқытай есімді біреудің жар дегенде жалғыз баласы теріс жолға түсіп, нашақор атанады.

Улы заттың жетегінде кеткен жас ата-анасынан, сүйген қызынан, бәрінен бас тартады. Ең сорақысы сол, оның сүйіктісі Тоғжанның аяғы ауыр болса да Жалқытай ақылға келмеді. Өзін жаман жолға азғырған жандармен көңіл қосып, ақырында арты соқпақты аяқталды.

Жалпы, қойылым көрнекті жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың «Нашақор туралы новелла» драмасының желісімен қойылған. Шығарма соңында басты кейіпкер тірі қалатын көрінеді. Ал спекталь режиссері Фархат Молдағали оны өзгерткен. Өйткені, оның ойынша, нашақорлық түбі жақсылыққа апармайды.

Фархад Молдағали – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының режиссері:

– Менің ойымша, нашақорлық туралы спектакльдер жақсы аяқталмайды. Сондықтан, финалын өзгерттік. Ауыр қойылым болғандықтан, бәрі ойланып шығады. Қаншама оқушылар, студенттер көрді.

Жалқытай есірткінің кесірінен тек өз өміріне ғана балта шаппай, ата-анасын да қайғыдан қан жұтқызды. Ақыры, жалғыз баласының осы әрекетіне төзе алмаған олар да көз жұмады. Әртістердің қойылымды сахналауы залға жиылған жастардың көңілінен шықты. Олар мағынасы зор спектакльден үлкен сабақ алдық деп отыр.

– Спектакль көңілімнен шықты. Бұл жастарды түзу жолға салады деген ойдамын.

– Осындай қойылымдар жиі қойылса екен деймін.

Жалпы, өткен жылы теріскейде есірткі қылмысына қатысты 263 заңбұзушылық анықталған.

Жандос Басыбаев – СҚО ПД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы:

– Ал есірткі дозасын артық қолданудың 140 фактісі анықталса, соның 2 жағдайында ол 12 жастағы жеткіншектер арасында тіркелген. Қазір есірткінің жаңа синтетикалық түрлері де көптеп шығып жатыр. Сондықтан, біз жастардың арасында осындай жайттарды болдырмау үшін алдын алу шараларын мықтап қолға алып жатырмыз.

Бүгіндері облыс бойынша 686 нашақор есепте тұр. Олардың 4-уі – кәмелетке толмағандар.

Мағжан Ахмадина