Денсаулық сақтау

Туберкулезге шалдығу деңгейі азайып келеді

Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде. Өңірімізде туберкулез ауруына шалдығу фактілері жылдан-жылға азайып келеді. Ақхалаттылардың сөзінше, бұл – уақытылы жүргізілетін профилактикалық шаралардың арқасында мүмкін болып отыр.

№2 қалалық емханаға 78 мыңнан астам қала тұрғыны тіркеулі. Бүгінде олардың барлығы флюорографиядан өтуге міндеттеліпті. Тексерісті кемінде жылына бір рет жасап тұрған жөн. Бұл – өкпенің жағдайын байқап, туындаған ауруларды бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді. Ал, егер адамды созылмалы жөтел мен әлсіздік мазалап, тәбеті қашса бірден дәрігерге қаралу керек. Себебі, жоғарыда аталғанның барлығы туберкулездің алғашқы белгілеріне жатады.

Данияр Қабиев – №2 қалалық емхананың учаскелік терапеві:

–  Қауіп-қатер тобына жүкті әйелдер, бала емізетін аналар, бүлдіршіндер мен иммунитеті төмен адамдар кіреді. Сондықтан, оларға аса абай болған жөн. Жыл сайын тиісті диагностикадан өтіп, қажет болса вакцина алу қажет. Флюорография біздің емханаға тіркелген тұрғындар үшін тегін жүргізіледі. Қабылдауды күнделікті сағат таңғы 9-дан кешкі 5-ке дейін өткіземіз.

Оның нәтижесі жарты күнде дайын болады екен. Рентгеннің қорытындысы жазылған анықтаманы түскі 12 мен бірдің арасында алып кетуге болады. Ал, басқа учаскеге қарайтын азаматтар үшін №2 қалалық емханадағы флюорографиялық тексерістің құны бар-жоғы – 370 теңге. Жалпы, туберкулездің қандай түрін болмасын оны емдеу оңай шаруа емес. Бастапқы кезеңнің өзінен құлан таза айығу үшін кемінде жарты жылдай уақыт қажет. Бұны тұрғындар жақсы түсінеді. Сондықтан, бақылауға уақытылы келуге тырысады.

–  Жарты жыл сайын флюорографиялық бақылаудан өтіп, өкпемді тексертіп тұрамын. Денсаулыққа бейжай қарауға болмайды.

– 12 айда бір рет барлық тексерістерден өтіп тұрамын. Дәрігерлердің берген кеңесіне құлақ асамын. Себебі, кез келген аурудың алдын алған жөн.

Флюорографиялық тексеріс дүйсенбі мен жұма аралығында жүргізіледі. Оған қоса, жұмысбасты тұрғындар үшін қабылдау әрбір айдың екінші сенбісінде өтеді.

Эльмира Садвокасова