Қоғам

Әкімдер мен басқарма басшыларына арналған семинар бастау алды

Бүгін Петропавлда аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына арналған 5 күндік семинар бастау алды. Жиында мемлекеттік қызметшілер трансформациялық ойлау және жобалық менеджмент негіздерін толығырақ меңгермек.

Облыстық әкімдіктің конференц-залында өзгеше жиын өтіп жатыр. Әдетте мұнда аудан әкімдері, басқарма басшылары атқарған істі баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісетін. Сонымен қатар, өңір жетекшісінен тапсырма алып, кей кезде сын да еститін. Ал, бүгін олар семинарға қатысуда. Шарада атқамінерлер біраз жаңашылдықпен таныспақ.

Лаура Қайыржанова – ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы СҚО бойынша филиалының директоры:

–  Семинарда еліміздің стратегиялық-бағдарламалық құжаттары, инновациялық мемлекеттік қызметті құрудағы трансформациялық көшбасшылық, халықпен байланыс орнатудың тиімді технолгияларын туралы сөз қозғалады. Сондай-ақ, цифрлы мемлекеттік басқару және жобалық менеджмент тақырыптары төңірегінде де айтылмақ.

Айта кеткен жөн, семинардағы дәрісті Арман Евниев өткізуде. Жерлесіміз жақында ғана ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі қызметін атқарған еді. Алайда, Үкіметтің отставкаға жіберілуіне байланысты ол мемлекеттік қызметтен кетіп, жобалық менеджмент жөніндегі сертификатталған тренер атанды. Бүгін енді өзінің білген-түйгенін солтүсқазақстандықтармен бөлісуге келіпті.

Арман Евниев – жобалық менеджмент бойынша сертификатталған тренер, Астана қаласы:

– Жобалық менеджмент дегеніміз не? Ол 3 тармақтан тұрады. Оның біріншісі – SMART-мақсат. Яғни, діттеген нәрсеге жету жолдарын дұрыс анықтау. Біз мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлер арасында зерттеу жүргізген едік. Сол кезде олардың көбі нақты мақсат қоя алмайтындығына көзіміз жетті. Тағы, жобалық менеджмент жауапкершілік және жұмыс алгоритмі сынды тармақтардан тұрады. Алғашқысы бойынша тұлғаның жауапты болуы көрсетіледі. Ал, соңғысында белгілі бір тәртіппен еңбек ету жайы айтылады.

Айта кеткен жөн, Арман Евниев семинарды өзгеше тәсілде өткізуде. Ол тыңдаушыларды орындарынан тұрғызып, лед-экранның жанына жинап алды.
Осылайша мемлекеттік қызметшілерге керекті дүниелерді әңгімеледі. “Мұның бәрі қызметті қажет болады дейді”, – аудан әкімдері.

Мұратбек Әбішев – Жамбыл ауданының әкімі:

– Өзіміздің жаңадан тағайындалған басшылар, жұмысқа енді кірген мамандар осындай оқуларға барады. Енді, бүгін өзіміз келіп қалдық. Семинардың пайдасы көп болады деп ойлаймын.

Жалпы, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына арналған жиын 5 күнге жалғаспақ. Семинар кезінде қатысушылар сабақты дәлелді себепсіз 3 сағаттан артық босатуға болмайды. Әйтпеген жағдайда сертификат берілмейді.

Байболат Бектемірұлы