Қоғам

Нәзікжандылар жастардың құттықтауын қабыл алды

Өткен жұма күні жергілікті белсенді ұл-қыздар демалыста жұмыста отырған нәзікжандыларды құттықтап барды.

Бұл – қаламыздың нағыз белсенді жастары. Олар Халықаралық әйелдер күні мейрамына арналған демалысқа қарамай облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына келіп отыр. Басты мақсат – мұндағы азаматшаларды мерекемен құттықтап, тамаша көңіл күй сыйлау.

Бір қызығы, ұл-қыздар мекеме ішіне ешкімге айтпай кірді. Яғни, орталықтағылар дәл қазір жастардың келіп, тосын сый жасайтындығын білмеді. Көп кешікпей алдымыздан алғашқы мереке иесі де шықты. Оған қызғалдақ гүлі табысталып, ән арналды.

Мейрамда құттықтауды аспаз да, медбике де, тәрбиеші де қабылдады. Азаматшылардың барлықтарына жастар гүл сыйлап, жүрек тебірентер әсем әндерін орындап берді. Жалпы, бүгінгі күні облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында 20-дан аса нәзікжанды қызмет етеді екен. Олардың қарауында 5 бала бар.

Зылиқа Бейсембаева – СҚО кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиешісі:

– Жастарға алғыс айтамыз. Олар бізді мерекемен құттықтап, тамаша көңіл күй сыйлады. Шырқаған әндері де, тарту еткен гүлдері де әдемі. Үлкен рахмет.

Қалалық әкімдіктегі қызметкерлер де назардан тыс қалмады. Мейрамда мұндағы жұмысшылар да құрметке бөленді.

Аққу Есімғажинова – Петропавл қалалық жастар бастамалары орталығы жетекшiсiнiң міндетін атқарушы:

– Дәл осындай іс-шараны былтыр өткізген едік. Дәстүрден жаңылмай акцияны биыл да ұйымдастырып отырмыз. Басты мақсатымыз мерекеде жұмыс істейтін әйел азаматтарды көктемнің керемет мейрамымен құттықтау болып табылады. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Қазір бірнеше нысанға барып, қыз-келіншектерге сыйлықтарымызды тарту етеміз.

Жастар қалалық әкімдікпен қатар полиция басқармасы мен №3 ауруханада болып, нәзікжандыларды мерекемен құттықтады.

Байболат Бектемірұлы