Спорт

Петропавлда волейболдан 27-ші ел біріншілігінің кезекті туры өтіп жатыр

Ұлттық лиганың үздіктері бас қосты. Петропавлда волейболдан әйелдер құрамалары арасындағы 27-ші ел біріншілігінің 5-ші туры өтіп жатыр. Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиылған 8 команда қатысуда.

Ойын алаңында “Қарағанды” құрамасы мен “Қуаныш” командасы бақ сынауда. Қос тарап та ойынға сенімді шықты. Бірінші периодта-ақ қарағандылықтар жергілікті ұжымға соққы үстіне соққы жіберіп жатты. Десе де “Қуаныш” құрамасы да қарап қалмай қарсы шабуылға шықты. Алайда, “Қарағанды” командасы қарқындарын одан сайын күшейтіп, бірінші кезеңді 29 да 27 есебімен аяқтады.

Екінші айналымда ойын тіптен қыза түсті. Естерін жиған “Қуаныш” құрамасы қарсыластарына үздіксіз шабуыл жасаумен болды. Тіптен қарағандылықтардың қателіктерін де ұтымды пайдаланып, есепті 1:1-ге жеткізді. Сонымен екінші период тең нәтижемен аяқталды.

Ал шешуші кезеңде жерлестеріміз қонақтарға қауіпті соққыларын дарытып, естерін жиғызбай тастады. Қарағандылықтар қанша тырысқанымен “Қуаныш” командасынан айлаларын асыра алмады. Ойын соңына қарай “Қарағанды” құрамасы қуаныштықтардың оңай шағылатын жаңғақ емес екендіктерін түсінгендей болды. Тіпті, қарсыласуды да тоқтатып, допты әрі-бері ұрумен ғана болды. Осымен үшінші период та аяқталды. Ойын жергілікті құраманың жеңісімен аяқталды.

Нұриля Ақжанова – «Қуаныш» ВК ойыншысы:

– Біз бірінші айналымда қарсыла құрамаға есе жіберіп алдық. Алайда, екінші периодта жаттықтырушымыздың берген кеңесін орынды пайдаланып, жеңіске жеттік. Қарсыластарымызды осал деп айта алмайымн. Осы жарысқа мықтап дайындалғандары көрініп-ақ тұр.

Жарыстың бас төрешісі Жахып Бидановтың айтуынша “Қуаныш” құрамасының физикалық дайындығы мен ойын алаңындағы стратегиясы мықты көрінеді.

Жахып Биданов – жарыстың бас төрешісі:

– Турнирге 8 команда қатысуда. Ойын нәтижесінен кейін командалар екі подгруппаға бөлінеді. 1-ші және 4-ші орын алған құрамалар Талдықорған қаласында ойнайтын болады. Ал қалған командалар Қызылжар қаласында бақтарын сынайды.

Жарыс наурыздың 10-ына дейін жалғаспақ.