МТРА жаңалықтары

Өңірімізде 100 жасты еңсерген 7 нәзікжанды тұрады

Өңірімізде 100 жасты еңсерген 7 ақ жаулықты ана бар. Олардың 4-уі – Петропавл қаласының тұрғындары. Бүгін “Нұр Отан” партиясының жергілікті филиалының өкілдері Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында кейуаналарға құрмет көрсетіп, сыйлықтар тарту етті.

“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов Екатерина Черновасиленконы мейраммен құттықтап, сый-сыяпат тарту етті. Өткен жылдың 18-желтоқсанында кейуана 100-ге толған екен. Ол үйіне арнайы келіп, мерекелік көңіл-күй сыйлаған нұротандықтарға шексіз алғысын білдірді. Жалпы, мұндай іс-шара дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып тұрады.

Артур Молдағұлов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Облыс бойынша жасы 100-ден асқан 7 ақ жаулықты ана бар. Олардың 4-уі – Петропавл қаласының тұрғындары. Осындай акцияларды біз әр мереке сайын өткізіп тұрамыз. Себебі, мұндай жандардың өздері де, еңбектері де ұмытылмауы керек.

Екатерина Черновасиленко – Ақмола облысындағы Запоздаловка ауылының тумасы. Петропавл қаласына ол 1936 жылы, яғни 18 жасында көшіп келген екен. Мұнда жергілікті әскери пунктте даяшы болып жұмыс істей бастапты. Кейін наубайшы қызметіне ауысқан. Бұл кезде екінші дүниежүзілік соғыс та басталып кетеді. Қилы заманда нәзікжанды әскерилерге нан пісіріп, жауды жеңу үшін тылда өз үлесін қосқан. Бұдан соң Екатерина Черновасиленко майлаушы, тігінші болып екбек етіпті.

Екатерина Черновасиленко:

 – Жас кезімде жұмыс талғамайтынмын. Ауыр, жеңіл деп бөлмей, бәрін істедім. Әсіресе, соғыс уақыты қиынға соқты. Наубайханада күні-түні жұмыс істедік, нан пісірдік. Ұн салынған 50 келілік қаптарды арқалап тасыдық. 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Бес балам болды. Олардың 3-уінен кішкентай кезінде айырылдым. Ал біреуі 44 жасында қайтты.

Қазіргі таңда жалғыз қызымен тұрып жатқан қарт ана 3 немереден 3 шөбере сүйіп отыр.

Молдир Шаяхмет