Құқық қорғау органдары

Сібір еліктерін атқан браконьерлер құрықталды

Жыл басынан СҚО-да табиғатты қорғау заңнамасы 189 мәрте бұзылған. Әсіресе, өңірде браконьерлік фактілер тыйылмай тұр. Бүгінге дейін 4 жағдай тіркеліпті. Соңғысы наурыздың екісі Қызылжар ауданында орын алған.

Полицейлермен құрықталған 43 жастағы Петропавл тұрғынының көлігінен сібір елігінің еті және тегіс ұңғылы қару табылыпты. Маңайды тінту барысында тәртіп сақшылары тағы етке толы 5 қапшық пен жануарлардың мүшеленбеген денесін тәркіледі. Тергеу барысында заңсыз аң аулауға тағы 4 адамның қатысқаны белгілі болып отыр. Олар барлығы 9 сібір елігін атып алған.

Берик Төлеев – СҚО ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясының инспекторы:

– Оқиға орнынан 5 жұп шаңғы мен екі бірлік аң мылтығы тәркіленді. Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 337-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Енді браконьерлерге 5 мың АЕК шамасында айыппұл салынады немесе сол көлемде түзету жұмыстарына тартылады не болмаса 5 жылға бас бостандықтары шектелуі мүмкін.