Ауыл шаруашылығы

Дихандарға органикалық өсімдік шаруашылығының қыр-сыры түсіндірілді

Бүгінгі таңда Қазақстандағы 61 агроқұрылым органикалық ауыл шаруашылығымен айналысады. Кәсіпорын мамандары 274 мың гектар жерге тұқым сіңіріп, экологиялық таза өнім жинап жүр. Бұл көрсеткішті одан әрі де арттыруға мүмкіндік бар. Бірақ, бұған бірнеше мәселе кедергі келтіріп отыр.

Қазіргі күні әлемде органикалық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс аса жоғары. Әсіресе, батыс елдері экологиялық тұрғыда таза тауарға зор қызығушылық танытып отырған көрінеді.

Арсен Керімбеков – “Атамекен” ҰКП біліктілік орталығының директоры:

– Германия тұрғындары жалпы құны 10 млрд еуро тұратын органикалық өнім тұтынады. Осы тауардың тек 2 млр-дын ғана өздері шығарады. Оларда сұраныс көп. Әсіресе, олар астық дақылдарын, майлы дақылдарды көп алғысы келеді.

Міне, осы аталған өнімдерді өзімізде көптеп өсіруге не кедергі? Бұл сұрақ кәсіпкерлер палатасында ұйымдастырылып отырған семинар барысында қызу талқыланды. Мұнда сөз алғандар істегі негізгі проблемаларға тоқталды. Мәселен, Арсен Керімбековтың айтуынша қазақстандық диқандар қауымына органикалық тауарды экспорттауы үшін арнайы сертификат қажет екен. Бірақ, елімізде ондай құжат берілмейді. Сондықтан, фермерлер рұқсат куәлігін өзге елдерге барып, алуға мәжбүр.

Арсен Керімбеков – “Атамекен” ҰКП біліктілік орталығының директоры:

– Шынымен де қазір шаруаларымыз сертификаттаудан шетелдерде өтеді. Біздің фермерлер қазір құжаттарын Украина немесе Литва сынды мемлекеттерге барып, алып жүр. Ол жақта экспорттық өнімге тексеріс ақылы түрде жүргізіледі. Мысалы, аграрий 1 жылға рұқсат қағазын алу үшін орта есеппен 5 мың евро төлейді. Осы орайда қазір біз бұл өзекті мәселені шешу амалдарын қарастырып жатырмыз. Алдағы 3 жылдың ішінде аккредиттелген қазақстандық сертификат беруші ұйым ашқымыз келеді.

Бас қатырарлық мәселе жалғыз бұл емес. Тағы, елімізде органикалық тауарды тексеретін зертханалар мен осы салада қызмет ететін мамандар да тапшы екен. Оған қоса экологиялық таза өнімді өсіруге кәсіпкерлер де аса құлшыныс танытып отырған жоқ. Себебі, шаруалардың дені дәні-дәрімектерді қолданудың арқасында мол астық жинап, пайда тауып жүргені мәлім. Ал онсыз алқаптардағы шығымдылық деңгейі 10 пайызға төмендейтін көрінеді. Бұл ретте ресейлік мамандардың айтары бар. Олар жиын барысында биологиялық препараттарды таныстырды.

Флорид Давлетшин – “Биосфера” ҰКП директоры, Башқұртстан Республикасы:

 – Біз бүгінгі жиынға Башқұртстан Республикасынан арнайы келдік. Өзіміз органикалық өнім өсіруде пайдаланылатын биологиялық препараттар шығарамыз. Қазіргі күні 10 түрлі дәрі әзірлейміз. Олар зиянкестермен күресуге, топырақты құнарландыруға, шығымдылықты арттыруға арналған. Мәселен, шаруа 1 гектардан 20 центер экологиялық таза астық жинады делік. Ал ол аумаққа біздің тыңайтқыштарды сіңірсе берекелік 24 центнерді құрайтын болады.

Семинарда биологиялық препараттардан бөлек, шаруаларға арамшөптерді механикалық өңдеу арқылы жою әдістері де айтылды. Мұның бәрі теріскейлік кәсіпкерлердің көңілінен шыққанға ұқсайды.

Николай Синенко – «Нива-Крещенка» ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:

– Шамамен 3 мың гектар аумаққа дән себеміз. Өнімдердің барлығын дәрілейміз. Бірақ, болашақта біртіндеп экологиялық таза астық өсіруге көшкіміз келеді. Себебі, органикалық шаруашылықтың пайдасы зор. Неге десеңіз, біздің серіктестік бал араларын да ұстайды. Олар ұшатын жерлер дәріленбеген болуы тиіс. Бірде байқаусызда жәндіктерді химиялық өңдеу жүргізілген аумаққа жіберіп, өлтіріп алдық.

Жалпы, бүгінде Қазақстанда органикалық өнім өсірумен 61 кәсіпорын айналысады. Олар 274 мың гектар жерге тұқым сіңіреді.

 

 

Култанов Байболат