Бүгін Петропавлдағы Болатбаев көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің шатырының бір бөлігі опырылып түсті. Күтпеген жайт сағат түскі 1-лер шамасында орын алған.
Әмина Әшімова шатыр құлаған уақытта күнделікті үй шаруасымен айналысып жүрген. Дыбыстың қатты шыққанын естіген ол бастапқыда газ баллоны жарылды ма деп ойлапты. Артынан көршілерінен төбенің құлағанын естіген.
Әмина Әшімова, Болатбаев көшесі, 28-үйдің тұрғыны:
– 2 сағат бұрын төбеде бірдеңе гүрс ете қалды. Дыбыстың қатты шыққаны соншалықты газ баллоны жарылғандай көрінді.
Шатыр ішіндегі жақтаулардың шіріп кетуінен 8 ші мен 9-шы подъездің шатыры опырылып түскен. Алексей Бобухтың бұл үйде тұрып жатқанына – 18 жыл. Ол пәтер иелері кооперативі төрағасының өз жұмысына салғырттықпен қарағандығына наразы.
Алексей Бобух, Болатбаев көшесі, 28-тұрғыны:
– Менің ойымша, бұл жағдайға пәтер иелері кооперативі кінәлі. Өйткені, шатырды жөндеу үшін қаражат жинамаған болатын. Үй сендердікі болғандықтан, төбені жөндеу де сендердің мойындарыңда дейді ұйым төрағасы. Оларға бірдеңе десең болды, біз сиқыршы емеспіз деп ақталады.
Анатолий Пляшешников 5 жыл бұрын төбені жөндеу үшін қол жинағанын айтады. Сол уақытта тұрғындардың басым бөлігі бұл ұсынысты құптамаған. Бұл тұрғындардың немқұрайлығынан туындаған жағдай деп отыр.
Анатолий Пляшешников, “Мир көшесі, 345” ПИК төрағасы:
– 5 жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама аясында үйдің шатырын жөндеуге мүмкіндік болды. Сол кезде біз тұрғындардан төбені қалыпқа келтіруге келісім ретінде қол қоюларын сұрадық. Бірақ, бұл ұсынысқа үй иелерінің 30 пайызы ғана рұқсаттарын берді. Ақыры, жоспарымызды жүзеге асыруға жиналған қол саны жеткіліксіз болды.
Әкімдік өкілдері шатырдың құлауының бірден-бір себебі қардың дер кезінде тазаланбауы деп отыр.
Пәтер иелері кооперативінің төрағасы төбені қалыпқа келтіруге қазір қолда бар 700 мың теңгенің жетпейтінін айтады. Опырылып түскен бөлігін ғана жамап-жасқау үшін кем дегенде 3 млн теңге қажет екен. Ал үйді ң төбесін толық ауыстыруға 42 млн теңге керек.
Асхат Ғалиасқаров