Әлеуметтік саланы дамытуға басымдық берілді. Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының 18-ші съезінде Н.Назарбаев халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағыттаған ілкімді істерді айтып, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ал оларды жүзеге асыруға 2 трлн теңгеден астам қаржы бағытталмақ.
20 жыл ішінде тындырылған істер мен алға қойылған жоспарлар. Осының барлығы кешегі күні өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде сөз болды. 3 сағатқа созылған жиын барысында саяси ұйымның 10 жылға бағытталған жоспарлары айқындалды. Оған сай, алдағы уақытта халықтың әл-ауқатын арттыруға басымдық берілмек. Елбасы Ұлттық қордан әлеуметтік саланы дамытуға қаржы бөлуді тапсырды. Сөйтіп, Мемлекет басшысы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту қажеттігін қадап айтты. Бүгінде елімізде шамамен 340 мың отбасының төрт және одан көп баласы бар екен.
Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы:
– Жыл сайын көпбалалы отбасыларды қолдауға 500 млрд теңгеден аса қаржы бөлінеді. Бұл отбасылардың табыс деңгейі әр түрлі. Сондықтан, мемлекет бірінші кезекте табысы төмен көпбалалы отбасыларға айрықша қамқорлық танытып, назар аударуы қажет. Қазіргі кезде мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмекті 111 мыңнан астам отбасы, яғни 572 мыңға жуық адам алады. Аз қамтылған, әсіресе көпбалалы отбасыларды қамту аясын кеңейту үшін Үкіметке атаулы көмек көрсету өлшемдерін ең төменгі күнкөріс шегінен 70 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар балалы отбасыларды адрестік қолдау үшін көпбалалы отбасындағы әрбір балаға төленетін ең төменгі төлемді 21 мың теңге көлемінде белгілеу керек.
Мұндай жаңалық, әрине, қазақстандық аналарды қуантпай қоймады. Жерлестеріміз де бұл шешімнің уақытылы қабылданғандығын айтып отыр.
Бақытжан Сәмиева – облыстық мәслихаттың депутаты:
– Ана болғаннан кейін, әйел азамат ретінде маған өте ұнады. Көпбалалы отбасыларға көп жақылық істейін деп жатыр. Көпбалалы аналарға үй беріледі дейді. 2-3 пайыздық ипотека. Кеше өзім көпбалалы аналармен кездесіп, осы жаңалықты айтқанда олар да қуанып қалды.
Ал «Жас Отан» жэастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Абылайхан Қайроллаев өңірден Астанаға аттанған делегаттардың қатарында болыпты. Маңызды жиын оның есінде мәңгіге сақталып қалмақ. Өйткені, отырыста мемлекет басшысы қарапайым халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты істерді айтты. Жас азаматтың, әсіресе бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақы көлемін 1-шілдеден бастап 30 пайызға арттыру керек деген тапсырмасы көңілінен шыққан.
Абылайхан Қайроллаев – «Жас Отан» ЖҚ СҚОФ төрағасы:
– Бюджет саласында еңбек етіп жатқан жандардың жалақысын көтеру. Себебі, қазіргі таңда универститет бітірген жастар еш тәжірибесі болмағандықтан төмен жалақы алады. Енді бұл жастардың арман-мақсаттарын орындайды деген ойдамыз.
Бұдан бөлек, Президент еліміздің әрбір тұрғыны білімді және денсаулығы мықты болуы тиіс дегенді тілге тиек етті. Сондықтан, сапалы денсаулық сақтау қызметіне қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет. “Ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолын ізде” демекші, отандық медицина, ең алдымен профилактика екпін беріп, салауатты өмір салтына ынталандыруға бағытталуы тиіс. Елбасы алдағы уақытта аталған саланы дамытуға 120 млрд теңге қаржы бөлуді жүктеді.
Магжан Ахмадина