МТРА жаңалықтары

Елімізде жалдамалы 40 мың пәтер салынады

Әрбір қазақстандық отбасы жүзеге асырылып жатқан реформалардың нәтижелерін ертең емес, бүгін сезінулері қажет. “Нұр Отан” партиясының 18-съезінде сөз сөйлеген Елбасы дәл осылай деді. Бұл ретте көпбалалы отбасыларға көрсетілетін қолдау артпақ. Қазір елімізде мұндай 340 мың отбасы бар. Олардың табыстары – әр түрлі. Сондықтан, Президенттің тапсырмасы бойынша ең бірінші кезекте кірісі төмен әулеттерге назар аударылуы қажет.

Осыған орай, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында елімізде 40 мың жалдамалы пәтер тұрғызылмақ. Баспанаға тағы толық емес және мүгедек балғындарды тәрбиелеп отырған жанұялар да қол жеткізе алады. Аталған мақсатқа жыл сайын қазынадан 50 млрд теңгеден қаржы бөлінбек. Ал, бүгінде бағдарламаны жүзеге асыратын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі пәтерлерді үлестіру механизмін әзірлеу үстінде. Ол ағымдағы жылдың 1-ші сәуірінен өз жұмысын бастайды. Бұл ретте мамандар кешіктірмей есеп шотты ашу қажеттігін еске салады. Оны банктің өзінде не болмаса консультантты үйге шақыру арқылы жасау мүмкіндігі қарастырылған. Айта кеткен жөн, жергілікті әкімдіктер жанұяларға қажетті алғашқы жарнаның белгілі бір мөлшерін өтейтін болады.

Әмір Нұрмұқанов – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ бакні» АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– Осыған орай біздің банк және жергілікті атқарушы органдармен жұмыстар атқарылып жатыр. Елбасының тапсырмасы бойынша бұл пәтерлерге берілетін несие 2 пайыздан аспайды. Болжам бойынша, құны 8 млн болатын пәтер үшін тұрғындар бастапқы 8 жылда – 42 мың, кейін 27 мыңнан төлейтін болады.

Эльмира Садвокасова