Құқық қорғау органдары

Жол полициясының музейі жұмысын қайта бастамақ

Петропавлда жол полициясының музейі 2 жылдан бері жұмыс істемей тұрған еді. Енді, аталған мәдениет ошағының тамырына қайтадан қан жүгірді. Нысанда келушілерді қабылдау ішкі істер орган ардагерлерінің бас болуымен наурыздың 1-інен бастап жанданады.

Облыстық Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының музейінде үш зал бар. Оларда 1 мыңға тарта экспонат қойылған. Құнды жәдігерлерге назар аударсаңыз фотосуреттерді, құжаттарды, құрылғыларды көресіз. Тіпті, өткен ғасырдың басында МАИ қызметкерлерінің көлігі – Москвичпен де танысуға болады. Бұдан бөлек, нысанда 2011 жылдың күзінде Тараз қаласында қауіпті қылмыскерді тоқтатып, өз өмірін құрбан еткен полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың былғары курткасы мен фуражкасы да сақтаулы тұр.

Закария Хамзин – МАИ қызметінің ардагері:

–  Музей 1997 жылдың қараша айында Қазақстан жол полициясының бес жылдығында ашылды. Республикадағы жалғыз музей болып табылады. Ағымдағы жылдан бастап өз жұмысын жаңартты.

Алдағы уақытта музейге қонақтарды көптеп шақыру жоспарланып отыр. Мұндағы мақсат – келушілерді солтүстікқазақстандық полицияның қалыптасу тарихымен таныстыру, әсіресе жастардың бойында патриоттық сезімді ояту болып табылады.

Болат Жексембинов – СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Әкімшілік полиция мен жергілікті полиция қызметінің ғимаратында орналасқан мұражайдың көпжылдық тарихы бар. Өкінішке қарай, ол біршама уақыт жұмыс істемей тұрды. Бірақ, ардагерлеріміздің ұсынысы бойынша музей жаңартылды. Енді, мұнда әр бейсенбі сайын жас мамандар келіп, өз қызметтерінің тарихымен танысады.

Әкімшілік полиция басқармасының музейінде әр адам бола алады. Ол үшін 39-93-11 телефон нөмірі арқылы хабарласып, экскурсияға жазылу қажет.

Байболат  Култанов