Құқық қорғау органдары

СҚО ПД-іне 38 курсант дипломалды тәжірибеден өтуге келді

“Жастар жылы” аясында өңірлік Полиция департаментінің жас мамандары және Ішкі істер министрлігінің ЖОО-дарында білім алатын курсанттар аға буын өкілдерімен жүздесті. Теріскейге дипломалды тәжірибеден өтуге келген болашақ полицейлер қызметтің қыр-сырымен танысып, ардагерлер мен офицерлердің кеңестерін тыңдады.

Алдағы екі айда бұл жастар ЖОО қабырғасында алған теориялық білімдерін практикада шыңдайтын болады. Биыл 40-қа жуық курсант солтүстікқазақстандық полиция қатарында тәжірибеден өтуге келген. Жұмысқа тезірек бейімделсін деп болашақ тәртіп сақшылары үшін полиция бөлімшелері бойынша эксурсия ұйымдастырылды.

Қуаныш Жұмағұлов – СҚО ПД кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары:

– Дипломалды тәжірибеден өтуге келген 38 курсант ел бойынша ІІМ жоғарғы оқу-орындарында білім алады. Кездесу барысында оларды келешекте атқаратын қызметтерімен жіті таныстыруға тырыстық. Бұдан бөлек жастар полиция ардагерлерімен кездесті, ПД музейін аралады және оларға жемқорлықтың алдын алу тақырыбында дәріс оқылды.

Ең маңызды шара – бұл департамент ардагерлері және жеке құрамымен кездесу. Мұнда курсанттар мен жас мамандарға полиция қызметкерлеріне жүктелетін міндет түсіндірілді. Оларға артылар үміт зор, қойылатын талап жоғары. Себебі, әр тәртіп сақшысы өзін ұдайы шыңдап отыруы шарт. Сондай-ақ, физикалық дайындығы мықты әрі жүйкесі берік болуы тиіс.

Мархаба Омарова – Петропавл қалалық ПБ 1-ші полиция бөлімінің тергеушісі:

– Курсанттарға берер кеңесім біреу – әр жұмысқа білек сыбана кірісіп, оны жауапкершілікпен атқару қажет. Кейін диплом алған соң бұл тәжірибе қызмет жолында көмектеседі.

Камила Макина – Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясының курсанты:

– Полицей мамандығын өз елімнің патриоты болған соң таңдадым. Бұл мінез-құлық, темірдей тәртіп пен әділдікке тәрбиелейтін кәсіп. Ата-анам таңдауымды қолдады. Сол үшін оларға айтар алғысым шексіз.

Кездесу соңында жиналғандар «Көшбасшы жолы. Астана» фильмін тамашалады. Айта кеткен жөн, курсанттардың дипломалды тәжірибесі мамыр айына дейін жалғаспақ.

Саят Ермек