Аптадағы маңызды жаңалықтарКешкі жаңалықтар

Облыстық әкімдіктің отырысы өтті

Көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын күшейтіп, қар шығаруды бәсеңдетпеу қажет. Дәрі-дәрмек бағасының өсуіне жол бермей, дәрігерлерді тарту шараларын жүйелі түрде жүргізген абзал. Осындай тапсырмаларды облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жүктеді.

Қызметтің сапасыз көрсетілуі, дәрігерлердің дөрекілік танытуы және таусылмайтын кезектер. Айта берсе, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Емханаларда адамдарды қабылдау мәселесі де өзекті. Өткен жылы емдеу мекемесіне барып, көмек ала алмай кеткен адамдар қайтыс болып та жатты. Бұл -аурухананың бас дәрігерлері жұмысқа салғырт қарайды деген сөз. Әрине, әр мекемеде өз тәртібі бар екенін түсінемін. Бірақ, бұл жерде адамгершілік қасиеттерді де ұмытпау керек. Тұрғындардың жедел жәрдем қызметіне де шағымдары көп. Өйткені, олар барлық қағаздарды толтырып болғанша, шықыртуға шықпайтын көрінеді. Сол себепті, жүйені жеңілдетіңіздер. Мұндай жағдайлар орын алмауы тиіс.

Облыс әкімі кей емхана бас дәрігерлері бір жерде ұзақ уақыт отырғандығын алға тартып, керек болса ротация жасау қажет деді. Ал жедел жәрдем қызметіне көлік аларда сапасын бақылау керек. Өйткені, қолданыстағы «Уазик» көліктері ешбір заманауи талаптарға сай келмейді. Өңірде туберкулез дертінен көз жұмғандар саны 5 пайызға азайса, қан айналым жүйесі, онкологиялық ауруларға шалдыққандар қатары керісінше артқан. Мұны өңірдің бас дәрігері дерттерді ерте бастан анықтау көрсеткішінің өсуімен түсіндіруде. Теріскейде сәбилердің шетінеп кетуі де жиі кездесетін көрінеді. Осы ретте Құмар Ақсақалов істің анық-қанығын анықтап, алдағы уақытта мұндай жағдайлар орын алмас үшін зерттеу жүргізу керек деді. Бүгіндері облыста 228 ақхалатты маман жетіспейді. Дәрігерлерді тарту жұмыстары аудандарда қалай жүргізіліп жатқандығын аймақ басшысы селекторлық режимде байланысқа шыққан әкімдерден сұрастырды. Ең алдымен жағдайды Уәлиханов ауданының әкімі Медет Оспанов баяндады.

–  Бүгін 7 врач жетіспейді. Қазір жұмыс жүргізіп жатырмыз. 2018 жылы 2 дәрігер келді. Жұмыс жүргіземіз. Пәтер мәселесін бәрін шешіп жатырмыз.

Ал Ақжар ауданының әкімі дәрігерлерді тартуға елді мекеннің облыс орталығынан шалғай жатқандығы кедергі десе, Петропавлға жақын орналасқан мамлюттіктер керісінше айтуда. Осы ретте атқамінерлердің жұмысын сынға алған Құмар Ақсақалов шаруаны әкімдердің өздері іске асыра алмай отыр деді. Сондықтан, жауапты орынбасарына жағдайды бақылауға алу тапсырылды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Мадияр Дүйсенбайұлы, биыл бұл бағытта көп жұмыс атқару керек. Мамандар бар, техника бар – соны ұйымдастырыңдар. Әсіресе, шалғай аудандарда.

Бүгіндері теріскейдегі емдеу мекемелерінің техникалық жарақталуы да сын көтермейді. Сондықтан, биыл салаға 40 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл осы бағытта туындаған проблемаларды шешуге ықпал етпек. Тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі де ақсамауы тиіс.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Дәріханалардағы бағалар әр түрлі. Өйткені, кәсіпкерлер ойларына келгендерін істейді. Сұранысқа ие болған препараттардың бағасын қымбаттатып жіберетіндер де кездеседі. Сондықтан, мұндай жағдайлар орын алмауы тиіс. Осыны қатаң бақылауда ұстаңыздар. Халықты тегін берілетін дәрі-дәрмектермен де уақытылы қамтамасыз етіп отырыңыздар.

Кездесуде білім саласы да кеңінен қаузалды. Қазіргі таңда аймағымыздағы 485 мектептің 380-і аз қамтылған оқу ошақтары екен.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Аз қамтылған мектептердің 48 пайыздан астамы мемлекеттік нормативке сай келмейді. Өңірде мұндай 180 оқу ошағы бар. Оларда 1-ші және 3-ші, 2-ші және 4-ші сынып, кейбірінде тіпті 3-класс бірігіп оқулары мүмкін. Әрине, мұндағы білім сапасы туралы айтудың өзі артық. Сондай-ақ, ондай мектептердегі 1 балаға бөлінетін қаржы көлемі де көп. Мысалы, қалада ол 250 мың теңгені құраса, аз қамтылған білім ошақтарында бір оқушыға 1 млн 200 мың теңге бөлінеді.

Аталған мәселені шешу үшін өңірдің бас ұстазы Гүлмира Кәрімова пилоттық жобаны жүзеге асыру қажет дейді. Оған сай ауылдық жерлердегі мектептер біріктіріліп, мықты оқу ошағының базасына жасақталмақ. Бұл қаржы үнемдеуге де, білім сапасын арттыруға да жағдай жасайды. Бастама Құмар Ақсақаловтың қолдауын тапты. Бүгіндері 387 ауылдың балалары көршілес жатқан елді мекендерге қатынап оқиды екен. Қазіргі таңда оларды тасымалдайтын 141 көліктің 80 пайызының тозығы жеткен.
Ал Ақжар ауданында әлі күнге дейін мектептердегі қазандықтарды сыртқа шығару жұмыстары аяқталмаған. Өңірдегі оқу ошақтарының тек 63-інде ғана робототехника курстары бар. Бұл жеткіліксіз дейді облыстық білім басқармасының басшысы. Биыл теріскейдегі 120 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Осы ретте аймақ басшысы шаруаның сапалы орындалуын қадағалауды тапсырды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы қоғамдық бақылау ұйымдастырып, мектептердегі жөндеу жұмыстарын тексеруге алсын. Қазір кез келген адам сапасыз материалдардан пластикалық терезе жасай алады. Ондай материалдар білім ошақтарына алынбасын. Тіпті, арнайы құрылғылармен жүріп қадағалаңыздар. Әйтпесе, ақша үнемдейміз деп, ертең жылуға көп қаржы кетеді. Аудан және қала әкімдері де бұл шаруаны бақылауға алсын. Жөндеу шаралары жөнді орындалмаса, онда жұмыс орындарыңызды босата беріңіздер.

Кейін жиында алда келе жатқан қауырт маусым – су тасқынына дайындық жұмыстары жайлы сөз қозғалды. Бүгіндері Сергеев су қоймасындағы су деңгейі 95 пайызды құрап отыр. Ал Петропавл су торабы – өткен жылғы деңгейде. Биыл қыс қарға сараң болмаған. Синоптик мамандар наурыз айында да жауын-шашынды мол түседі деп отыр. Сол себепті, қар шығару жұмыстарын тоқтатпау керек. Әсіресе, бұл іске Айыртау, Шал ақын, М.Жұмабаев және Уәлиханов аудандары қарқын қосу қажет.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Өткен жылмен салыстырғанда биыл қардың мөлшері көп екендігін көріп отырсыздар. Сондықтан, қала әкіміне ақ ұлпаны шығару жұмыстарын сапалы түрде жүргізуді тапсырамын. Ал аудандар бұл шаруаға агроқұрылымдарды тартуы тиіс. Солардың техникаларын пайдаланып, елді мекендерді қардан тазартулары қажет. Қауіпті учаскелерге жеткілікті болатындай инертті материалдарды дайындаңыздар. Жағдайды күнара бақылауда ұстаңыздар.

Апат айтып келмейді. Десе де, бүгіндері 500 адам мен 150 бірлік техника тасқын су келе қалса, жұмысқа кірісуге сақадай сай тұр. Жалпы, қауырт маусымға 525 млн теңге қаржы бағытталған. Жиын соңында облыс әкімі нан және көмір бағасының өсуіне жол бермеу керектігін қадап айтты.

Магжан Ахмадина