Қайырымдылық – қадірлі іс! Шаһарда 4 жасар Әділет Төлегенге арналған игі шара өтті. Кішкентай жерлесіміз көздің қатерлі ісігіне шалдыққан. Джентльмендер клубы ұйымдастырған кеште концерттік бағдарлама мен аукцион болды. Осы күні жүрегі кең теріскейліктердің көмегімен бүлдіршіннің еміне 2 млн теңге қаражат жиналды.
Әділет Төлеген – небәрі 4 жаста. Бұл – тәтті қылықтар мен нағыз қызыққа толы балалық шақ. Алайда, отбасыға түскен үлкен қайғы бір мезетте-ақ жанұяны ойын-күлкіден айырды. Балақай көздің қатерлі ісігіне шалдыққан. Ауыр дертпен күресте кішкентай жерлесімізге барлық жомарт жандар қол ұшын созуда. Әділеттің еміне қажет қаражат 23 млн теңгеге жуықтайда. Бүгінде оның 60 пайызы жиналды. Ем-дом шараларын жалғастыру үшін әлі де 8 жарым млн теңге керек.
Мәулен Дүйсенов – Төлегеновтер жанұясының ДОСы:
– Жуырда Әділет Швейцарияда өткен химиотерапиядан оралды. Қазір демалып жатыр. Жағдайы бірқалыпты. Алдағы уақытта ем-дом шараларын жалғастыру қажет. Дәрігерлер келесі курсты наурыздың 15-іне жоспарлады. Сондықтан, қаражатты жинауды тоқтатпаймыз. Көмектерін көрсетіп жатқан әрбір адамға алғысымызды білдіреміз.
Бұл – Әділеттің еміне қажет қаражатты жинауға бағытталған кезекті іс-шара. Қайырымдылық кешін облыстық джентельмендер клубы ұйымдастырып жатыр. Игі іске жергілікті әртістер мен «Petro Porte» мейрамханасы ат салысуда. Соңғылары осы күні мекемеге түсетін пайданың барлығын Төлегеновтер жанұясына бермек.
Закиржан Мамлютов – СҚО джентльмендер клубының ортақ құрылтайшысы:
– Біздің ұйымның құрылғанына 1 айдай уақыт болды, 3 апта бойы осы кешке дайындалдық. Жергілікті өнер иелеріне ұсыныс тастадық. Барлығы бізді бірауыздан қолдады. Сондай-ақ, теріскейлік компаниялар мен әйгілі спортшыларды да Әділетке көмек көрсетуге шақырдық.
Барлығы 90 адамға шақталған қайырымдылық кешіне кіру билеті 10 мың теңгені құрады. Алайда, шара басталмай жатып-ақ 1 млн 260 мың теңге қаражат жиналыпты. Шарапаты мол іс туралы естіген жомарт жандардың кейбірі билетті алмаса да оның ақшасын төлеп кеткен екен. Ал, кешке қатысушыларды алда аукцион күтуде. Жиналғандарға 13 лот ұсынылмақ. Теріскейлік кондитерден – торт, тәттілерге толы бокс пен флористика студиясынан – гүл. Соңғысы, әзірге 5 мың теңгеге қойылған. Нағыз джентельмендер оны қаншаға сатып алар екен?
Рүстем Башаров – СҚО джентльмендер клубының мүшесі:
– Бүгін мен ұсынылған лоттардың бірін сатып алдым. Кішкентай Әділетке көмегім тиеді деген үміттемін. Балақай тез арада жазылып, достарының қатарына оралса деген тілегім бар. Жұмыла көтерген жүк жеңіл, сондықтан қолдан келген көмекті аямайық!
Тағы шара барысында қалың жұртшылыққа «Найман» деген лақап атпен танымал, аралас жекпе-жек өнерінің майталманы Қуат Хамитовтың , «Тобыл» футбол құрамасының ойыншысы мен «Барыс», «Құлагер» хоккей клубтарының спортшылары ұсынған жейделер де ойнатылды. Келген қонақтар лоттардың барлығын жоғары бағаға сатып алып, қайырымды іске өз үлестерін қосты. Осылайша, бір кеште жүрегі кең жандардың арқасында 2 млн теңге қаражат жиналды. Дегенмен, Әділеттің еміне тағы 6 жарым млн қажет. Сондықтан, Әділетке көмектесулеріңізді сұраймыз. Ата-анасының реквизиттері экранда көрсетілген.
Эльмира Садвокасова