Қоғам

Облыстық кітапханада “BookDating – кітаппен кездесу” атты шара өтті

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында “BookDating(БУКТЭТИНГ) – кітаппен кездесу” атты қызықты іс-шара өтті. Жиынға шақырылған қонақтар мектеп оқушылары мен суденттерге жазушылар мен ақындардың туындыларын көбірек оқуға кеңес берді.

Осымен екінші рет өткізіліп отырған бұл жобаға 70-ге жуық адам қатысты. Қазір қоғамда кітап оқитындар сирек кездеседі. Жастар арасында көркем шығармаға қызығатындардың қатарын осы жоба арқылы молайтуды көздейміз дейді ұйымдастырушылар.

Нәзира Ысқақова, Сәбит Мұқанов атындағы ОӘҒК оқу залдары бөлімінің кітапханашы:

– Бір кездері ұмыт болған кітапсүйгіштер клубын қайта жаңғырту мақсатында елімізде жаңа форматта кітаппен кездесу жобасы қадамын басты.

Бүгінгі жиында сөз алғандардың бірі – ақын Марал Оспанова. Жерлесіміздің әкесі Зейнел-Ғаби Иманбаев – елімізге танымал жазушылардың бірі. Сондықтан, Марал Оспанова да шығармашылыққа құмар боп өскен екен. Бүгінде нәзікжанды өзінің 3 бірдей кітабын жазып шығарыпты. Ол жастарға дана Абайдың өлеңдерін оқуларына кеңес берді.

Марал Оспанова, ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі:

– Бүгін мен өзімнің өлеңдерімді оқып бермекшімін. Өзімнің өлеңдерім әр түрлі тақырыпта жазылған.

Айбол Нұрлыбек – М.Қозыбаев СҚМУ-дың 4-курс студенті. Өзі сияқты жастарға сериал көрудің орнына кітапты көбірек оқулары керектігін айтты. Оралхан Бөкей, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов сынды атақты жазушылардың шығармалары өмірден алынғандығын тілге тиек етіп, жиналғандардың туындыларға деген қызығушылықтарын оятты.

Айбол Нұрлыбек, студент:

– Оралхан Бөкейдің жалпы шығармаларының көбі адалдыққа құралған. Өзінің жанының тазалығына байланысты. Оның шығармаларының руханилығы жоғары.

Уақытының басым бөлігін әлеуметтік желіге жұмсайтын жастар қауымы бұл жиыннан өздеріне керекті мағлұматтар алды. Олар білімнің бәрі кітапта екенін ұғынып қайтты бұл кештен.