Денсаулық сақтау

Ақпанның 25-і өңірде туберкулезге қарсы күрес айлығы басталады

Наурыздың 24-і – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні. Осыған орай ақпанның 25-і облыс аумағында аталған індеттің алдын алуға бағытталған айлық бастау алады. Сондай-ақ, бүгін туберкулезге қарсы күрес диспансерінің мамандары 2018 жылды қорытындылап, өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталып өтті.

Өңірімізде эпидемиологиялық жағдай соңғы 10 жылда 2 жарым есеге жақсарған. Өткен жылы облыс бойынша туберкулездің 353 фактісі тіркеліпті. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 5,4 процентке төмендеген екен.

Кенжегүл Әріпова – облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бөлімше меңгерушісі:

– 2017 жылмен салыстырғанда туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 2017 жылы 66,9-дан 2018 жылы 63,4-ке дейін, яғни 5,4 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, балалар арасында да бұл көрсеткіш төмендеп отыр.

Өткен жылдың ақпан айынан бастап диспансерде туберкулезді емдеудің жаңа әдістері қолданылып келеді. Олар жеке және қысқа емдеу режимі деп аталады. Былтыр біріншісі бойынша – 33, ал екіншісі бойынша 20 пациент ем қабылдапты. Осы ретте ЖИТС-ке, туберкулезге және безгекке қарсы күреске арналған жаһандық қор қажетті препарат бөлген екен. Бұрын науқастар 2 жыл көлемінде ем қабылдаса, қазір бұл дәрі-дәрмектердің арқасында емделу уақыты 2 есеге қысқарып отыр. Бұдан бөлек, үстіміздегі жылы диспансер жаңа құрылғылармен толыққан. Айта кетерлігі, мекемедегі зертханаға құны 52 млн теңге тұратын “Бактэк” аппараты сатып алыныпты.

Кенжегүл Әріпова – облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бөлімше меңгерушісі:

– Сонымен қатар, туберкулезді дер кезінде анықтау үшін бізде молекулярлық генетикалық әдіспен анықтайтын “Gene xpert” деп аталатын құрылғы бар. Сол құрылғы арқылы науқастарды тексереміз. Оның көмегімен туберкулездің қай түрі екені де анықталады.

Қазіргі таңда қауіпті дертті жұқтыру жағдайлары мен одан болатын өлім-жітім саны азайcа да, бұл проблема әлі күнге дейін әлем бойынша өзекті болып отыр. Ақхалаттылар індетті асқынбай тұрғанда емдеу әлдеқайда нәтижелі болады дейді.

Яғни, дерттің бар-жоғын білу үшін уақытылы дәрігер бақылауынан өтіп отырған жөн. Осыған орай өңірімізде ақпанның 25-інен туберкулезге қарсы айлық бастау алады. Бұл уақыт аралығында тұрғындар тексеруден өтіп, оларға індеттің алдын алу жолдары түсіндіріледі.

Молдир Шаяхмет