МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың есеп беру кездесуі өтті

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов 2018 жылды қорытындылап, атқарған шаруаларды солтүстікқазақстандықтарға жеткізді. 2 сағаттан астам уақытқа жалғасқан есеп беру кездесуінде тұрғындардан тұрғын үй кезегі, жол мәселесін шешу, денсаулық сақтау саласына қатысты сұрақтар қойылды.

Ең алдымен сөз ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевке берілді. Ол өңірдің соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқандығын тілге тиек етті.

Асқар Жұмағалиев – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

– Облыстағы зауыттарда ауқымды жаңғырту шаралары бастау алған. Өндіріс ошақтары дамыса, облыс экономикасы артып, халықтың әл-ауқаты жақсарады деген сөз. Жалпы, Елбасы осы жағдайға баса назар аударатындығын аңғарған боларсыздар. Сондықтан, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында Үкімет те, жергілікті органдар да бірқатар шаруаларды қолға алған. Ол жұмыстар теріскейде де жасалуда. Бұлл шараларды одан әрі дамыта түсу қажет.

Кейін өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов сөз алып, теріскейде 2018 жылы еңсерілген шаруаларын жіпке тізді. Жалпы алғанда, барлық салаларда өсім байқалады. Десе де, алда атқарар қыруар шаруа бар. Олардың бір шетін залға жиылған тұрғындар айтып берді. Петропавл қаласының іргесіндегі Шаховское елді мекенінің халқын айта-айта жауыр болған жол мәселесі алаңдататын көрінеді.

Зәуре Қалмұрзина – Шаховское ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

 –  Елді мекенге кіре беріс жолдың жағдайы өте нашар. Сол қашан жөнделеді?

Жанат Сәдуақасов – Қызылжар ауданының әкімі:

– 50 млн теңге қаржы бөлінді. Биыл аяқтаймыз.

Ал Аққайың ауданы Астраханка елді мекенінің тұрғыны Айман Әбілмәжінова мұнда келген жаңа селолық округ әкімінің ықпалынан жұмысынан айырылған. Өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек еткен азаматшаның айтуынша атқамінер қарамағындағыларға күн көрсетпеген көрінеді.

Айман Әбілмәжінова – Астраханка ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Маған ғана емес, әкім барлық селолық округ аппаратында жұмыс істейтіндерге күн көрсетпеді. Сондықтан барлық қызметкерлер өтініш жазып, жұмыстан кетіп қалды. Мен осы істі қарау үшін аудандық әдеп жөніндегі уәкілге барған болатынмын. Бірақ, іс қозғалар емес. Оның үстіне, мен енді жұмысқа орналаса алмай отырмын. Осы мәселені шешуге көмектессеңіздер екен.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Арнайы комиссия мен қадағалаушы орган өкілдері ауданға барып, осы і сті жіті қарастырсын. Облыс әкімінің аппарат басшысына жағдайды тексеруді тапсырамын.

Бұдан соң петропавлдықтар аутист балаларға арналған оңалту орталығын салу, тұрғын үй мәселесі бойынша бірқатар сұрақтар қойылды. 2 жарым сағатқа жалғасқан кездесу соңында кей солтүстікқазақстандықтардың сауалдарын тыңдау үшін облыс әкімі оларды жеке қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Солардың бірі – Рахима Қызбекова. Ол 2008 жылы Шал ақын ауданынан қалаға көшіп келіп, мүгедектігі бойынша үй кезегіне тұрған. Бірақ, 10 жыл өтсе де зейнеткерге әлі баспана бұйырмапты.

Рахима Қазбекова – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Үй жалдап тұрамын. Пенсиям аз. Коммуналдық ақы төлеп, дәрі-дәрмекке қана жетеді.


Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Баспана мәселесі көпті алаңдатады. Бірақ, сізге уақытша үй қарастырамыз. Кезегіңіз келгенше.

Кейін әкімнің қабылдауына көпбалалы ана Марина Никулина келді. Петропавл қаласының тұрғыны апаттық үйде тұратын көрінеді.

Марина Никулина – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Біз 4 қожайынға арналған үйде тұрамыз. Қазір бір бөлігі қирап қалған. Онда 2 отбасы ғана тұрмыс кешеді. Баспана суық. Оның үстіне мен туған 6 балам үшін алуы тиіс алтын алқама қол жеткізе алмай жүрмін. Өйткені, құжаттар рәсімдеу қиын. Осы құжаттардың дұрыс болмауынан жәрдемақыдан да қағылып отырмын.

Мұндай қағазбастылық болмауы тиіс деген өңір жетекшісі қарамағындағыларға жағдайды реттеуді тапсырды. Өйткені, бүгіндері көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мығым.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Қазір жәрдемақылар көлемі артқан. Сондықтан, сіз алтын алқаға қол жеткізгеннен кейін бірреттік төлемақы беріледі. Биыл оның сомасы да екі есеге артып отыр. Бұдан бөлек, көпбалалы ана ретінде үй кезегіне де тұра аласыз.

Жалпы, бұл күні облыс әкімінің қабылдауына келгендер қатары қалың болды.

Магжан Ахмадина