МТРА жаңалықтары

Өңірде “Көктем-2019” оқу-жаттығу жиыны өтеді

Ақпанның 26-сы мен 27-сі күндері күллі республика бойынша құтқарушылар көктемгі мезгілге дайындықтарын пысықтайды. Ел аумағында ауқымды “Көктем-2019” командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өтеді. Теріскей өңірінде де қауырт маусымға әзірлік қызу жүріп жатыр.

Көктем келген соң табиғаттың тосын мінезіне дайын болу керек. Әсіресе, өзен-көлдерге жақын орналасқан елді мекендерді топан су басу қаупі аса жоғары. Сондықтан, “Көктем-2019” оқу-жаттығу жиынында құтқарушы мамандар су тасқынының зардаптарын жою және өзге де төтенше жағдайларға дайындық жұмыстарын жүргізеді. Биыл жиынға 46 бірлік техника мен 10 жүзу құрылғысы бөлінеді. Барлығы 250-ге жуық маман қатысады. Құтқарушылардың айтуынша, биыл облысымыздағы 92 елді мекенді еріген қар суы және тасыған өзен-көлдердің суы басуы мүмкін. Осы ауылдардың басым көпшілігінде тиісті қауіпсіздік шаралары жүргізілген. Қажет болса төтенше жағдайлар департаменті аталған табиғи құбылыстың салдарын жоюға сақадай сай отыр. Әзірлік  5 күннен кейін бастау алатын командалық-штабтық жиында тексерілетін болады.

Булатжан Асқарбеков – СҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы:

– Шаһар аумағындағы қар жаппай қала сыртына шығарылып, кәріздік жүйелер мен суағарлар тазартылады. Ал Мамлютка қаласының маңындағы көлшіктерден артық су сорып алынады. Тағы бір айта кететін жайт, “Көктем-2019” оқу-жаттығу жиыны жалғасатын 2 күнде Петропавлдағы Ойқала, Жұмысшы кенті және тағы бірқатар шағын аудандардың кей көшелерінде көлік қозғалысы шектетіледі.

Саят Ермек